Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық кәсіпкерлердің суды заңсыз пайдаланғаны анықталды

Оралда ауыз сумен көлік жуып, тіршілік нәрін рәсуа қылған кешендер көбейіп барады. Ал қаланы сумен қамтитын мекеме бұған көз жұма қарап, тиісті рұқсатты оңды-солды таратыпты. Осылай деген құзырлы органдар таза суды ысыраптауға жол жоқ деген талап қойып отыр. 

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Мәшинеңді мұнтаздай қып беретін мынадай көлік жуу бекеттерінің басына тықыр таянған тәрізді. Өйткені қаладағы 12 бекет ауыз су құбырына заңсыз қосылған. Енді қомақты айыппұл арқаламайын десе, олар бұл мәселені шешуі тиіс.

Құзырлы органның дерегінше, Орал мен Ақсай қалаларындағы көлік жуатын орындар суды рұқсатсыз пайдаланған. Рұқсаты жоқ судың сұрауы жоғын білгендер үнемдеуді ұмытып, ысырапты үйреншікті іс қылыпты. Ал заң бойынша, темір тұлпарды қайта өңделген техникалық сумен жуу керек.

АСЫЛАН ЖАНАТАУОВ, БҚО ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Құрылғыларды пайдалану жөнінде Ұлттық экономика министрінің тиісті талабы бар. Алайда "Батыс су арнасы" мекемесі техникалық рұқсат құжаттарын беру кезінде бұл талаптарды көрсетпей, 13 кәсіпкерге рұқсат берген. Нәтижесінде суды ұтымды пайдалану мәселесі артта қалып отыр. "Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына" ұсыныс енгізілді, соның ішінде жауапкершілікке тарту мәселелері, заңды түсіндіру мәселесі қойылды.

Ал сумен қамту мекемесінің өкілдері мұнымен келіспейді. Заңға қайшы келмеу үшін құдық қазып, жерасты суын пайдалануға болады екен. Бүгінде қаладағы көлік жуатын 56 кешен осы әдіске көшкен, енді бірі суды өңдеп, қайта қолданады.

ӘНУАР АРКЕНОВ, "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Орал қаласына жылына 16 миллион текше метр су беріледі. Ал көлік жуу орындары тұтынатын су 30-35 мың текше метр ғана. Бұл тіпті 1 процентке де толмайды. Жаңа заңда суды өңдеу қондырғысын орнату міндеттелді. Кәсіпкерлерге осыны түсіндіріп жатырмыз. Бірақ бұл қондырғының бағасы 10 миллион теңгеден басталады, өте қымбат.

СЕРГЕЙ СИТНИКОВ, КӘСІПКЕР:

Ұңғыманы кезінде 300 мың теңгеге қаздырдым, қазір кемі 500 мың теңге тұратын шығар. Бұған қоса, су соратын, жұмсартатын қондырғыларды сатып алу керек. Шығынды өтеуге екі жыл кетті.

Бұл аздай жер асты суын рұқсатсыз өндіріп, оны бөтелкеге құйып сатқан пысықтар да табылған. Бүгінде прокуратура Жайық-Каспий бассейндік инспекциясына шара қолдану туралы ұсыныс жіберіпті.