Павлодарда 107 жастағы кейуана тұрады. Немере сүйіп, шөбере, шөпшек көрген бақытты жан. Өмірдің зейнетінен бейнетін көп көрген. Жас кезінде құрылысшы, сауыншы да болған. Мал бағып, бала-шағасын сонымен жеткізіпті. Алайда, қазір бар жоғы 28 мың теңге зейнетақы алады. Ғасыр жасаған абыз ананы осы бір азғантай тиын емес 40 жылдық еңбек өтілі ескерілмей қалғаны қынжылтады.
Қапиза Рахметқызы - 1916 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүние есігін ашқан. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаншы жылдары атамекенге ат басын бұрыпты. Қазір қала шетіндегі Байдала ауылында тұрады. Жас кезінде небір қиыншылық көрген. Құрылысшы болып үй салған. Мал баққан, сауыншы да болған. Өмірінің 40 жылын еңбекпен өткерген. Алайда, зейнеткерлікке шыққан кезде осы еңбек өтілі ескерілмей қалыпты. Себебі, көшіп қонып жүрген кезде бұрынғы еңбек кітапшасын жоғалтып алған.
ҚАПИЗА РАХМЕТҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Оның бәрі жоғалды қалды документтен айырылдым. Осы жерге келгеннен кейін өзі пенсияға 10 жыл 3 мың теңге беріп жүрді. 10 жыл 5 мың беріп жүрді. Былтырдан бері 25 мың теңге алам. Балам әкеліп береді. Сол 25 мың теңге береді әйтеу баланы алдағандай.
Қайтадан жасатып әкелген еңбек кітапшасы жарамсыз болып қалыпты. Содан бері бұл мәселені жылы жауып қойған. Өйткені, жасы келген кейуананың құжат рәсімдетуге шамасы келмейді.
ҚАПИЗА РАХМЕТҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Аштан өліп, көштен қалған жоқпын балаларымның арқасында. Аш емес, жалаңаш емеспін. Бірақ, пенсиям аз. Енді амалым не? Әйтеу былтырдан бері 25 мың беріп отыр. Балам алып келеді.
Ал халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары бұл кісінің еңбек кітапшасында жұмыс берушінің мөрі басылмағанын айтады. Сол себепті құжатты қабылдай алмаған. Ал кейуанаға құжатты қайта жасатып әкелу туралы ұсыныс айтылғанымен, оған өздері ниет танытпады - деп отыр.
ҚЫМБАТ ИБРАЕВА, ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Ол кісі еңбек өтілін архивтік анықтамамен растау керек болатын. Бірақ, осы күнге дейін архивтік анықтамалар ұсынбады. Ол кісі еңбек өтілдерін растауға болушы еді. Бірақ, бүгінгі күнге дейін ешқандай құжат ұсынбағандықтан, ол кісіге базалық зейнетақы ең төменге мөлшерде 28 215 тағайындалып отыр.
Қапиза Рахметқызына еңбек өтілін дәлелдеу үшін Моңғолия еліне барып, мұрағаттан еңбек кітапшасын қайта жасату керек. Сол кезде ғана зейнетақысы қайта есептеледі.