Астанаға аз ақшамен келмеңіз. Себебі күнелту мен түнеу үшін арзан пәтер таппайсыз. Әрі сізге ұсынылатын қызмет пен үйдің хал-күйі көңіліңізден шықпай қалуы мүмкін. Тілшіміз эксперимент жасады. Пәтер беретіндер мен әлеуметтік желідегі бағаны бақылады.
Егер сіз Астанаға алғаш рет келсеңіз алдымен тұратын пәтер іздейсіз. Темір жол вокзалы алдында осындай баспананы жалға беретіндер жиі кездеседі.
"Жүр, көр" деп қоймаған соң ескі темір жол вокзалының жанындағы үйге бардым, күні 10 мың теңгелік бір бөлмелі пәтердің іші осындай. Ал егер сіз қаланың сол жақ жағалауында тұрғыңыз келсе, онда бір күнге 15 мың теңге төлейсіз.
Әлемжеліде де бір рет түнеуге үйін жалға беретіндердің жарнамасы қаптап тұр. Пәтер үшін кемі 10 мың, жүріс-тұрыс, ас-суыңызды қосқанда бір күнге шамамен 30 мың теңге қажет. Қонақ үйлердің де арзаны 10 мың теңгеден басталады. Ал бір ай пәтер жалдағаныңыз бөлме саны мен орналасқан жеріне, үйдің жағдайына қарай 100 мың теңгеден асады.