Русский Сайттың толық нұсқасы

Флорида штатындағы дауылға байланысты қазақстандық студенттерге ескерту жасалды

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2024
  • 226

АҚШ-тың Флорида штатындағы дауылға байланысты қазақстандық студенттерге ескерту жасалды. Қазір ондағы жоғары оқу орындарында еліміздің 31 стипендиаты білім алуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдері жетекшілерімен үнемі байланыста. Жағдай ушығып кетсе, эвакуацияланады. Сондағы Қазақстан елшілігі отандастарымызға жергілікті билік айтқан қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауды ескертті.

Флориданың жағасына соңғы 100 жылда болмаған ең сұрапыл «Милтон» дауылы Мексика шығанағынан жетті. Алты миллионға жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Табиғи апаттан ағаштар қопарылып, электр желілері үзілген.

Үш миллионға жуық адам жарықсыз қалған. Қазір штаттың 35 округінде төтенше жағдай жарияланып, билік тұрғындарға қоғамдық көлікпен тегін қатынауға рұқсат берген. Мамандар бастапқыда күші бесінші санатта болған дауыл штатқа жеткенде екінші санатқа бәсеңдегенін айтады. Қазір жел жылдамдығы сағатына шамамен 200 шақырым. Флориданың Майами қаласында тұратын отандастарымыз дауылға қарсы қамданып жатыр.

«Майамида мектептер екі күнге жабылды. Қызметкерлер қысқа мерзімді еңбек демалысына жіберді. Мемлекеттік мекемелер, дүкендер мен көптеген жекеменшік компания жұмысын тоқтатты. Жалпы айтқанда, Флорида штаты да , Майами қаласы мұндай дауылға үйренген. Бірақ мамандар ескерткен соң, қажет дүниемізді жинап, қамданып отырмыз. Майамида да түнде қатты жел болып, біраз ағаш опырылды», - деді қазақстандық Владислав Воднев.