Русский Сайттың толық нұсқасы

Каспий теңізінде балық аулауға толықтай тыйым салынуы мүмкін - АШМ

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2017
  • 3522

Каспий теңізінде кәсіптік бағытта балық аулауға толықтай тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінде айтылды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басшысының пікірінше, Орал-Каспий өңірінде балық популяциясына байланысты проблема өткір күйде тұр.

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басшысы:

Бірінші кеңестің қорытындысы бойынша биологиялық дәлелдеме әзірлеу туралы шешім қабылданды. Соның қорытындысына сай, Каспий теңізінде кәсіптік бағытта балық аулауға толықтай тыйым салатынымыз немесе шектеу қоятынымыз белгілі болады.  Қазір балық шаруашылық ғылымы қандай ұсыныс беретінін күту керек.

1 сәуірде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» атты ауқымды акция басталған. Шараны ұйымдастыру барысында 97 мемлекеттік инспекторы шақырылып, 20 қарауыл қосыны орнатылды. 

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі:

Бұл акция бойынша 342 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 76 өте өрескел құқық бұзушылық. 231 адам құқық бұзушылыққа тартылды. 52 қылмыстық іс қозғалған болатын. 53 тоннаға дейін балықтар алынды. Оның 845 кг бекіре тұқымдас түрлерге жатады. 10 кг уылдырық алынды. Сонымен қатар 811 балық аулау құралдары, 95 дана суда жүзетін және транспорттық құралдар алынды.