Русский Сайттың толық нұсқасы

Теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 35 мың адам жауапқа тартылды

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2024
  • 107

Жыл басынан бері белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткені үшін 35 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көлік полицейлері теміржол төсемінде жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрғындармен және оқу орындарының оқушыларымен профилактикалық кездесулер өткізуде. Дегенмен алдын алу іс-шараларына (14 593) қарамастан, азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзуды жалғастырып жатыр.

Жыл басынан бастап теміржол бойында адамдар мен үй жануарларының болуына және бөгде заттардың қоюына байланысты пойыздардың шұғыл тежелуінің 1684 фактісі тіркелді. Биыл жылжымалы құрамның астына өз абайсыздығынан 74 азамат түсіп, олардың жартысынан көбі қайтыс болды. Мәселен, 9 қазан күні Алматы-1 – Медеу аралығында жүк пойызының машинисі белгіленбеген жерден өткен 59 жастағы ер адамды жанай қағып кетті. Теміржол көлігінің қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр.

Көліктегі ПД азаматтарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өтпеуге шақырады. Өту үшін арнайы жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелдерін (туннельдер, көпірлер) пайдалануды ұсынады.