Оралда тағы да газ тапшы. Мамандар мұны Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жөндеуге жабылғанымен түсіндіреді. Қазір зауыттың жұмысы тоқтап тұр. Ал қажет газды атыраулықтар қазір Батыс Қазақстан облысынан алуға мәжбүр. Барын көршілерімен бөліскен аймақтың атқамінерлері сұйытылған газдың 36 процентін беруге келісіпті. Бірақ бұл мәміле оралдық жүргізушілердің жүйкесін жұқартты. Қазір газ құю бекеттерінің алды ұзын-сонар кезек. Арзан отынды іздеген көлік иелеріне өз кезегін сағаттап күтуге тура келеді. Әрі өңірдің сұйытылған газды тұтыну қарқыны да жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде аймақтағы автокөліктер ай сайын 3 510 тонна автогаз тұтынады екен.
БЕЙІМБЕТ МУСИН, БҚО ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Компанияның өзінің техникалық шарттары бар ғой. Осы бекітілген көлемнің күндік мөлшерін жөнелтуі керек. Одан артық ол шығара алмайды. Соны екі облыс алып отырғаннан кейін екіге бөліп отыр ғой қазір. Жөндеу жұмыстары 15-қазанға дейін ғой. Сол біткеннен кейін өзінің қалпына келеді ғой.