Русский Сайттың толық нұсқасы

"Qarmet" компаниясы өндірісін дамытуға 3 жарым миллиард доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр

Qarmet компаниясы өндірісін дамытуға 3 жарым миллиард доллардан астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Қаражат жаңа өндіріс ашуға, қазіргі фабрикалар мен зауыттарды қайта жаңғыртып, дамытуға жұмсалады.Теміртаудағы металлургия комбинатында жаңа цехтар ашылмақ, сондай-ақ Қарағанды шахталарында жұмыс істейтін кеншілердің қауіпсіздігі күшейтілмек. Qarmet жуырда орталық Қазақстанның экологиясын жақсартуға бағытталған жаңа жобаларды іске қоспақшы. Бұл туралы бүгін компания басшылығы Теміртауда өткен кеңейтілген баспасөз отырысында мәлімдеді. 

9 ай бұрын Қарағанды шахталары, Теміртаудағы металлургия зауыты, кен- байыту фабрикалары мен бірқатар қосымша өндіріс кешендері отандық инвесторға сатылды. Компанияның атауы ғана өзгертіліп қоймай Qarmet - пен бірге миллиардтаған қаржы тартылды. Жоспар қайта қаралды. Өндірісті жақсартудың жаңа басым бағыттары айқындалды,- дейді компания басшылары.

ВАДИМ БАСИН, «QARMET» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Басты стратегиялық жоспарларға өндіріс қондырғыларының энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту, жаңа кокс батареиларын салу, конвекторларды жөндеу кіреді. Сонымен бірге “Атасудағы”шахтада жаңа байыту фабрикаларының құрылысы салынады”.

Компания техниканы жаңартумен бірге кеншілер мен металлургтердің еңбек қауіпсіздігі мен экологияны жақсартуды қолға алды. Биыл әбден тозып жабылудың аз- ақ алдында тұрған үш шахтада кен қазу басталды. Жұмыс істеу қауіпсіз болу үшін газсыздандыру шаралары жүргізілді, яғни қазір қауіпті метан газы жер астынан шығарылып тұратын болған.

ВАДИМ БАСИН, «QARMET» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қарағанды шахталарында 5 шақырым жүріп өту үшін 13 шақырым газ шығаратын скаважина бұрғылаймыз. Бұл метан газы бар шахталарда қауіпсіздік үшін жасалады.

Темірлықтар мен қарағандылықтар үшін басты мәселелердің бірі- металлургия комбинатының қалдықтары. Қара қар, ащы түтін мен тұман. Qarmet басшылығы бұл сұрақты да шешуге уәде берді.

ЗӘУРЕ ЗАУРБЕКОВА, «QARMET» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Экологиялық жобаларға келсек, электрофильтрлер орнату, комбинатты табиғи газға көшіру жоспарланып отыр. Бұл компания ның басты мақсаттарының бірі. Ол экологиялық қалдықтарды 30 % - ға төмендетеді. Осылайша Теміртаудық экологиясын біршама жақсартуға болады.

Комбинатта күл- қоқысты азайту үшін өндіріс қалдықтары қайта өңделмек. Экологияны жақсарту үшін шаһар маңына ағаштар егіледі. Ең бастысы табиғатқа зияны жоқ көлік трамвай қайта оралады,- дейді.

ЗӘУРЕ ЗАУРБЕКОВА, «QARMET» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Трамвай Теміртаудың символы. Сондықтан бұл да маңызды жоба. Бүгінде оған 12 миллиард теңге құйылды. Жыл соңына дейін трамвайлар жүруі тиіс.

«Qarmet» тің Теміртаудағы 2-нші жылуорталығы жаңа қазандықты іске қосады. Сондықтан биыл қала халқы тоңбауды деген үміт бар. Компания басшылары қазандық комбинаттың маңында металлургиялық кластерді дамытуға да мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл орта және шағын өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады деген сөз.