Күніне 5800 теңге айыппұл төлеймін. Астана қаласының тұрғыны ақылы тұрақтар жойылсын деп петиция жариялады. Сәл кідірсең айыппұл келіп тұрады, - дегендер заң жүзінде көлік жүргізушілерінің құқығын қорғауға бел байлапты. Толығырақ Еркелді Тілеуқұлдың материалында.
Күніне тұраққа көлікті қанша уақытқа қоятынымды болжау мүмкін емес. Осылай деген Ерқанат Сәрсенбайұлы өз наласын Е-петиция сайтына жариялады. Айтуынша, көлік жүргізушілерінің құқығын қорғайтын тиімді механизм жоқ. Белгіленген уақыттан сәл кідірсе, айыппұл келіп тұрады, - дейді. Сол себепті, қол жинап, Астана мен өзге қалаларда да, тұрақтар тегін болсын деп петиция жариялады. Оның үстіне, темір тұлпарға лайықты орын табу адамдардың қалтасын қағатыны да, осы қадамның басты себебі.
ЕРҚАНАТ СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Есептеп қарасаң, әрбір көлігі бар адам жұмысқа таңертең 9 да келіп, 6,5-7 ге дейін 10 сағат тұрады екен. Астанада кептеліс болғаннан кейін үйіне түскі ас ішіп келуге барып-келе алмайды ғой. Сондықтан, 10 сағат тұрады екен. 10 сағатта 1000 теңге төлейді. 1 айда 24 жұмыс күні бар деп есептесек, 24 мың төлейді. Сонда енді көлігімізге төлеп жатқан салығымыз қайда? Басқасы қайда? Мен оны түсіне алмадым. Неге халыққа тегін тұратын тұрақ жоқ?
Ерқанат Сәрсенбайұлының пікірін қолдаушылар жетерлік. Көлік қоятын тегін жер жоқ деп те өкпелерін жеткізді.
БЛИЦ-САУЛНАМА:
- Тегін болу керек. Түсінемін, жарайды, мынау жер жеке біреудің жері. Ал мына жерде тегін болу керек.
- Тегін болу керек. Неге десеңіз, мынау жер базар. Қарсы беті де базар. Адамдар бекерден-бекер келмейді ғой. Сауда жасау үшін келеді. Тіпті, ауланың өзін ақылы қылып жіберген.
- Біреулер төлей алады. Біреулер төлей алмайды. QR Дегенді үлкен кісілер түсінбейді. Телефоным болса да, маған қиындау болады. Негізі сол ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді.
Көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған факт, түскен ақшаның көп бөлігі белгісіз біреулердің қолында кетеді. Алайда, қалалық әкімшілік өкілдерінің сөзінше, ол қаражаттың да сұрауы бар.
БАУЫРЖАН КҮМІСБЕКОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Қаланың бюджетіне аударылады толығымен. Сағатына 100 теңге алынған ақы жеке-мемлекеттік кәсіпкерге берілсе, қалған 25 пайызы мемлекетке аударылады. Әртүрлі әлеуметтік мәселелерге жұмсайды оны мемлекет.
Десе де, жарияланған тәртіп бойынша, ақылы тұрақ мәселесі билік өкілдері тарапынан қайта қаралу үшін 50 мыңнан астам қол керек. Әзірге көлік жүргізушілер күніне орташа өлшеммен 1000 теңге төлеуіне тура келеді.