Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда смартфон қолданудан бас тартқан мектептер көбейіп келеді

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2024
  • 226

Павлодар облысының Баянауыл ауданында Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде смартфон пайдаланбау туралы шешім шығарды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz агенттігі.  

Мектеп басшысы Абылайхан Шомаковтың айтуынша, мектеп әкімшілігінің бұл бастамасы ата-аналар мен оқушылар тарапынан бірден қолдау тапқан. 

Басылымның жазуынша, мектептегі білім мен тәрбие беру процесінде телефонның оқушыға зияны, физикалық және әлеуметтік дамуына кері әсері туралы оқушыларға жете түсіндірілген. Енді жас өрендер үзіліс уақытында смартфонға үңіліп отырудың орнына асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат сияқты ойындар ойнап, бір-бірімен араласады.

"Бұл бастама өз нәтижесін беріп жатыр. Осыған дейін оқушылардың үзілісте смартфонды көп пайдалануын жиі байқайтынмын. Қазіргі уақытта мектептің атмосферасы, оқушылар арасындағы қарым-қатынас жасау мәдениеті жаңа бір деңгейге көтерілгені көрініп тұр", – дейді Абылайхан Шомаков.

Қыркүйекте Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы да сабақта смартфон қолданудан бас тартқан болатын. 

"Мектепте телефон ұстаудан біржола бас тартқан соң оқушылардың білімге құштарлығы артты, бос уақытында шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, достарымен сөйлеседі", – деп хабарлады мектеп әкімшілігі.