Туризм және спорт министрі саңлақ спортшылар Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің аналарымен кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Ербол Мырзабосынов даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың аяулы анасы Сырлыкүл Саттарханованы және әлемге мәшһүр мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің ардақты анасы Оксана Тенді қабылдады.
Министр халықаралық аренада еліміздің көк Туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды байрақты бәсекелерде шырқатқан саңлақтар бүгінде арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау және есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында қос ананың аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.
«Халқымыз «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам бойындағы асыл қасиет пен таудай талап ананың ақ сүтімен дариды. Ана баласына берген тәрбиесі мен шексіз махаббаты оның болашағына жарқын жол ашады. Сіздер ұлдарыңызды спорт үйірмесіне қаршадайынан жетелеп апарып, чемпион атануы үшін барлық жағдайды жасадыңыздар. Саңлақтарымыз арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау, есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүргендеріңізге куәміз. Батырларымыздың аты өшпей, әлі күнге дейін жас жеткіншектердің кумирі болып келе жатқаны ең алдымен, сіздердің арқаларыңыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр кездесу барысында Бекзат пен Денистің ел спортына сіңірген еңбегі мен жанкүйер жүрегінде сақталған жарқын бейнесін жаңғырту баршамызға ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта қос саңлақты жастар арасында насихаттау мақсатында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.