Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстанда жаңа астана салынады

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2024
  • 239

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің назарына Ташкенттің 2045 жылға дейінгі жаңа бас жоспарының жобасы ұсынылды. Қала аумағы 3 аймаққа бөлінеді: консервациялау, реконструкциялау және реновациялау. Жаңа құжатта экология мәселелері ескерілген. Ташкент, жаңа астана мен Ташкент облысы бірыңғай агломерация ретінде дамытылады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"15 минуттік қала" қағидаты аясында тұрғындарға керектінің бәрі жақын жерде болады. Әр ауданда төл, ірі сауда ойын-сауық орталықтары орналасады. Қала құрылысының заманауи талаптарына сай, балабақша, мектептер, ауруханалар, сауда объектілері, қызмет көрсету нысандары және басқасы жаяу немесе велосипедпен 15 минутта баратындай жақын жерде орын тебуі қажет. Қоғамдық көлік желісі кеңейтіледі, аялдамалар мен көлік тораптарының саны арттырылады. Жаңа жолдар, жол айырықтары салынып, метробустың бағыттары ұйымдастырылады.

Қазіргі өзбек астанасының территориясы бүгінде 43 822 гектарды құрайды және қаланың өзінде 3 миллионнан астам адам тұрады.

Ташкенттің жаңа бас жоспарының алғашқы жобасы Мемлекет басшысының қарауына 2022 жылы ұсынылған еді. Алайда онысы шикі болып шықты және Мирзиёевке ұнамады. Жобаны жетілдіру жұмысына Сингапур, Ұлыбритания, Түркия, Германия, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея және Нидерланд компаниялары тартылды.

Соның нәтижесінде, жаңа жобаға сәйкес, консервациялау аймағында жаңа құрылыс доғарылады. Бұл шаһардың тарихи орталығындағы мәдени мұра объектілерін, тарихи орындарды сақтау үшін қажет.

Реконструкциялау аймағы аясында кеңестік "сәулет туындылары", ескі ғимараттар қалпына келтіріледі, мастер-пландар негізінде кейбірі сүріліп, қосымша құрылыстарға жол ашылады.  

Реновациялау аймағында кеңес заманында қаптап салынған көпқабатты, көнерген тұрғын үйлер мен ғимараттар күресінге жіберіледі. Орнына жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік және басқа нысандар салынады.

Құжат Ташкенттің экологиялық проблемаларын жасыруға емес, тауып шешуге бағытталған. Ол оны одан сайын жасыл қалаға айналдырады. Ағаштардың көптігіне қарамастан, соңғы 10 жылда Ташкенттің орташа ауа температурасы 1 градус Цельсийге көтерілген. Кейбір күндері атмосферадағы ластаушы заттар деңгейі нормадан асып кетеді. Қалада автомобильдер саны күн сайын артуда. Жол қозғалысы кептеліске жиі ұшырайды.

Сондықтан қазіргі астанада ғасыр ортасына дейін жасыл аймақтардың ауданы қазіргіден 3 есеге ұлғайтылып, 25 мың гектарға жеткізіледі. Осының арқасында жан басына шаққанда жасыл желектердің ауданы қазіргі 3-тен 6 шаршы метрге дейін өседі.

Сондай-ақ әңгіме Өзбекстанның жаңа астанасын тұрғызу туралы болып отыр. Ол "Жаңа Ташкент" деген шартты атауға ие, болашақта басқаша аталуы да мүмкін.

Өзбекстан Президентінің қаулысында айтылғандай, "Жаңа Ташкент" Бас жоспарын әзірлеуге әлемдік атағы бар архитектуралық бюролар тартылуда. Олардың арасында сингапурлық Meinhardt, белгілі сәулетші Норман Фостер негізін қалаған британдық Foster+Partners және нидерландтық OMA бар.

"Жаңа Ташкенттің" бас жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыруға инвесторлардың қаражатын қоспағанда, мемлекеттен шамамен 1 миллиард доллар қажет етіледі.

"Газета.uz" жазғандай, заманауи жаңа мегаполис қазіргі астанадан шығысқа қарай, Шыршық және Қарасу өзендерінің ортасында бой көтермек. "Жаңа Ташкент" толығымен "ақылды қала" тұжырымдамасымен тұрғызылуы шарт. Ескі және жаңа Ташкентті қоса алғанда, бұл өңірде 7,5 миллион тұрғын тұрады деп жоспарланған.