Русский Сайттың толық нұсқасы

«Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, саладағы жетістік жоғары болар еді», - О. Бектенов

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қажет. Қазір әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны шарықтап тұр. Негізі Үкімет кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтермеуі үшін 100 млрд теңге бөлген. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкерлерді осылай ынталандырды. Бірақ соған қараматсан аспандағы айды сұрайтындар азаяр емес. Үкімет басшысы әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс істесе, мұндай мәселе болмас еді дейді. Жауаптыларға қатты шүйліккен Олжас Бектенов кімге қатаң ескерту айтты? Үкімет отырысынан Аружан Задабек толығырақ айтады. 

САРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Соңғы 9 айда экономикалық өсім 4 пайыздық межеге жетті. Нақты сектордағы өсу - 5 процент. Ең жоғары көрсеткіш ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында. Көлік қызметі мен байланыс секторы да жетістікке жеткен. Сауда мен өңдеу өнеркәсіпте де өсім байқалады.

НҰРЛАН БАЙБАЗАРОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Жалпы ішкі өнімнің өсуінің 65%-і сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6%-ке өсті. Инвестицияның ең жоғары өсуі шикізаттық емес салаларда байқалады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Елде жалпы экономикалық өсім байқалғанымен, шекті межеге жете алмай жатқан өңірлер бар. Дәлірек, 4 облыста инвестиция тарту көрсеткіші төмендеп кеткен. Олар Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облысы. Ал, жамбылдықтар, тіпті, көшке ілесер емес. Оны Үкімет басшысы да байқаған. Облыс әкіміне қатаң ескерту жасады. Бір сөзбен айтқанда «тек есеп бермей, жұмыс істе» деді.

ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Былтыр өңірде қуаңшылық болды. Бірақ биыл ауыл шарушылығы саласында өсім бар. Сол себепті Жамбыл облысы бойынша 2023 өсімдік шаруашылығы статистикалық деректерін қайта өзектендіруге ықпал етуіңізді сұраймыз.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

9 айда бюджетке 14,9 трлн теңге кіріс кірген. Экономикада өсімнің барын да жоғарыда айттық. Соған қарамастан жалақы бір қалыпты. Неге деген сұрақ бізді де алаңдатты. Журналистер сауал жолдады. Бірақ қаржы министрі мардымды жауап бере алмады. «Экономика деген өзі сондай» деп қатырды.

МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Бұл статистиканы біз де білеміз. Қазақстанда 150-300 мың теңгеге дейін жалақы алатын адамдардың үлесі - 35 пайыз, 300-600 мың теңгеге дейін алатындар - 36 пайыз. Ары қарай азаяды. Бүгінгі таңда экономиканың құрылымының өзі сондай.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Айлық өспесе де азық-түлік құны шарықтап тұр. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағаға табу қиын. Бұған қатысты Үкімет басшысы жауаптыларға тапсырма берді. Тамақ теңгесін қадағалауда ұстаңдар деп шегеледі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу Үкіметтің басым міндеті болып қала береді. Сондықтан өңірлер осы жұмысқа баса назар аударуға тиіс. Ол үшін қажетті құралдардың бәрі бар. Нәтижесін көріп отырмыз. Биыл қыркүйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бізде өткен істі талқылап, «неге олай болмады?» деу әдетке айналып кеткен ба, қалай өзі? Барлығы бітіп, бояуы сіңгеннен кейін ғана талқылауды бастайтынымыз қызық. Бектеновтың өзі осыны айтып, бүгін біраз ренішін білдірді. Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір сала мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болар еді деді. «Келесіде қайталанбайды» дегендердің уәдесі тағы естідік.