Русский Сайттың толық нұсқасы

"Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі",- Қ.Тоқаев

Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения басшысымен кездесуінде осылай деді. Қос елді берік достық, ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. 

Армения Президенті Ваагн Хачатурян Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны күтіп алу салтанаты Ақорда резиденциясында өтті. Кездесуде Мемлекет басшысы Армения Президентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі. Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақ еліне қош келдіңіз деп айтқым келеді. Ризашылығымды білдіремін. Қазақстанға алғаш рет ресми сапарменг келіп отырсыз. Мұны сіздің Қазақстанға деген шынайы құрметіңіздің белгісі деп бағалаймын.

Биыл екі ел өзара достық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл. Осы уақыт ішінде тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықтан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды да нығайта түскен. Мәселен былтыр Ереванда Армениядағы Қазақ театрының күндері өтсе, келесі жылы Қазақстан мәдениетінің онкүндігін өткізу жоспарланып отыр. Өз кезегінде Армиян басшысы да екі ел арасындағы өзара сенім мен достықтың болашағы жарқын екеніне сенім білдірді.

ВААГН ХАЧАТУРЯН, АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті болдым. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар ұзақ жылдарға жалғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі достас серіктесіміз.

Армения Қазақстанның оңтүстік кавказ аймағындағы негізгі серіктестерінің бірі. 2022 жылы сауда айналымы 43 млн доллардан асқан. Ал былтыр 23 пайыз өсіп, 51 млн доллардың үстіне шықты. Қазақстан 33 млн доллардың тауарын экспорттап, 19 млн доллардың өнімін сатып алған. Бұдан бөлек, Қазақстан да Арменияда кедендік одақтың мүшесі. Сондықтан, ары бері алмасқан тауар үшін кедендік баж салығы салынбайды. Салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл бизнес өкілдері үшін ерекше мүмкіндік. Яғни екі ел арасындағы алыс-берісті арттыратын негізгі тетіктің бірі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп санаймын. Бұл сапардың мән-маңызы зор. Біз қазақ-армиян ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, мәдени-гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Алматы алаңын алдағы уақытта да ұсынуға дайын екенін растады.