Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қауіпсіздік ережелері сақталмаған»: Астанадағы жатақханалардың бірінде өрт шықты

Астанада жекеменшік жатақханалардың бірі өртенді. Салдарынан 5 адам зардап шекті. Бір күнде бар жиған-тергенінен айырылған жұрт базынасын жеткізді. Айтуларынша, елорданың қақ ортасындағы жатақханада қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Күздің қара суығында баспанасыз қалған тұрғындар енді қайда барарын білмей дал. Оқиға орнына тілшіміз Мөлдір Жақан барды.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Тілсіз жау таңертеңгі уақытта тұрғындар әлі шырт ұйқыда жатқан кезде жатақхананы отқа ораған. Ғимараттың 3-4-ші қабаттарындағы бөлмелер толығымен өртеніп кетті. Баспалдақпен түсіп үлгермегендер терезеден секіріп, жан сауғалады. Тіпті, балаларын да төбеден лақтыруға тура келген.

Динара Сандыбаева жатақханада 19 жастағы баласымен бірге 5 айдан бері тұрып келген. Бір бөлмені 50 мың теңгеге жалдапты. Өрт кезінде жұмыста болғанын айтады. Киім-кешегі жанып, дүние - мүлкінің сау-тамтығы қалмаған.

ДИНАРА САНДЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алғаным міне, мынау ғана. Басқа дымым жоқ. Бәрі кетті, киіміміз бәрі, төсек-орнымыз, документіміз, бүкілі кетті. Мен баламмен тұрдым 3-ші этажда. Студент қой. Киімі жанып кетті. Колледжге де бара алмайды енді.

Оқыс жағдайдан халық есеңгіреп қалған. Ойда жоқта баспанасыз қалған олар қайда барарын білмей дал. Баласын жетектеп далада жүргендер көп. Өрттің себебін әркім өзінше топшылайды.

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Кеше қалай жылу қосылды, содан кейін болып тұрған нәрсе ғой бұл. Қатты жаққан дейді ғой отты. Көмектесетін адамның реті де болмады, бәрі қалтырап-дірілдеп пижамамен жүгіріп жүрді.

Бәрін айт та бірін айт, 70-ке жуық бөлмесі бар бұл ғимарат әуел баста өмір сүруге бейімделмеген. Тұрғындардың сөзінше, мұнда қауіпсіздік шаралары мүлдем сақталмаған. "Тіпті, өрт дабылы да жұмыс істемейді" дейді.

АЙНҰР ДАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде қашан да өрт қаупі жоғары болған. Мен көктемде бір бөлмені сатып алып, жөндеу жұмыстарын бастап кеттім. Электр тұстамасындағы ұшқындарды байқап, оны өзім жөндеттім. Бөлмелер арасын гипсокартон жалғайды, өрт оп-оңай өтіп кетеді. Ғимарат қызыл жалынға бірінші рет оранып тұрған жоқ.

Өрт салдарынан көміртегі тотығынан 5 адам уланды. Оның төртеуі №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды. Жағдайлары орташа және тұрақты. Тағы бір адам амбулаториялық емге жіберілді.

АЙЖАН АҚАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Зардап шеккендердің арасында қарт адамдар және балалар жоқ. Олар бастапқыда ауруханаға түскенде бірінші бейінді мамандармен қаралды. Яғни, травматолог және тағы басқа терапевт деген сияқты, кейін көрсетілім болғандықтан, ауруханада ем қабылдауға жатқызды .

МАДИЯР МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Астана қаласының ТЖД қызметкерлері жоғары ранг бойынша келіп жетті. Өртті сөндіру қиындығы жеке тұрғын үй секторының арасындағы өту жолдарымен техниканы орналастыру болып табылды. Өрттің жалпы ауданы – 850 шаршы метр. Оқиға орнында 85 адам жеке құрам және 19 бірлік техника жұмылдырылды.

Өрттің нақты себебін құзырлылар анықтайды. Ал тірнектеп жиған мүлкінен айырылған баспана иелері шығындарының өтелгенін талап етіп отыр.