Русский Сайттың толық нұсқасы

Қайтыс болғандарға мәрмәрдан ескерткіш қойып, тақта орнатуға тыйым салынады

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2024
  • 106

Қырғызстан қайтыс болған адамды жерлеу жүйесін ретке келтірмекші. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров «Жерлеу және жерлеу рәсімі туралы» Заңды іске асыруға бағытталған жарлыққа қол қойды, - деп жазды KAZINFORM.

Қазіргі қырғыз қоғамында мәйітті жерлеу кезінде шектен тыс ысырапшылдық пен бос әурешілік, басқа адамдардың әлеуметтік жағдайын елеумеушілік, сондай-ақ діни әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді білмеушілік орын алатыны аталып өтті. Марқұмның туыстары тастан, граниттен немесе мәрмәрден зәулім кесене тұрғызып, мүсінін орнатады, бейіттерді сәнді металл қоршаулармен қоршайды.

Қаулыға сәйкес, Қырғыз Республикасы Мұсылмандары діни басқармасына марқұмды жерлеу дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын ретке келтіруге бағытталған тиісті пәтуа шығару ұсынылды:

мұсылман зираттарының аумақтарында тарихи-мәдени маңызы бар жерлеулерді қоспағанда, тастан, граниттен, мәрмәрден, металдан және осы материалдардың қосындысынан ескерткіш, мүсін, құлпытастарды, қоршауларды салуға және орнатуға тыйым салу;

қабір ескерткіштері мен қоршаулардың ағаш материалдардан жасалғанын және биіктігі 70 сантиметрден аспайтындай етіп жасау. 

Мемлекеттік органдарға:

үш ай мерзімде «Жерлеу және жерлеу рәсімдері туралы» Қырғыз Республикасының Заңын іс жүзінде іске асыру жөнінде шаралар қабылдау;

зираттарды орналастыруға, жобалауға және абаттандыруға, пайдалану мен күтіп ұстауға, бейіт ескерткіштерінің көлеміне, оларды дайындауға және орнатуға арналған материалдарға қойылатын талаптарды реттейтін қала құрылысы құжаттамасын, үлгілік ережелерді (нұсқауларды) әзірлеу және бекіту;

діни әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер негізінде қайтыс болған адамды жерлеу және бейіт ескерткіштерін салуда ысырапқа жол бермеу мәселелері бойынша халық арасында тұрақты түрде ағарту жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Қырғызстанда азаматтарды жерлеу тәртібін реттеу мақсатында өмірден өткендердің ескерткіші мен белгілерін орнату жөніндегі нұсқаулықты бекіту ұсынылып жатқаны бұған дейін хабарланған болатын.