Енді "Отбасы банк" тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын да атқарады. Банкте осындай қызметтегі орталық құрылып, оған баспана кезегі, яғни бірыңғай республикалық электронды база беріледі. Ал аталмыш банк ұлттық даму институты ретінде қайта құрылмақ. Бүгін Сенат тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты заң жобасына түзетулер енгізіп, мәжіліске қайтарды. Онда қарсылық болмаса, бірден Президенттің қол қоюына жіберіледі.
ЛӘЗЗАТ РЫСБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары ашық болады. Заңмен тиісті норма енгізіледі, оған сәйкес, бірыңғай республикалық электронды базада, "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электронды базасында есепте тұрған Қазақстан азаматтарының, қандастардың тізімі тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің интернет-ресурсында ай сайын жарияланады.