Русский Сайттың толық нұсқасы

"Сырымызды сары майдай сақтайық": Меруерт Түсіпбаева желіде жылап отыратын блогер қыздарға шүйлікті

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2024
  • 307

ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Меруерт Түсіпбаева желіде отырып, көз жасын көл қылатындарды сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Өнер иесі қандай істе болмасын сабырлық таныту керегін айтып, тарихты қозғап өтті. 

“Қыздар-ау, кім болсаң да, желіге видео салып, ебіл-дебіл жылауды қойыңдаршы. Жиіркенішті. Қай жерден көріп, қай аталарыңнан естідіңдер қазақтың қызының дүйім жұрт алдында егілгенін?! Біздің аналарымыз басына қандай іс түссе де, сабырлық танытқан, көз жасын көл қылмаған. Жылаудың өзін жаман ырымға балаған. Жар салып, жер тепкілеп, қиындықтарын жайып салмаған”, – деп бастады әңгімесін өнер иесі.

Одан кейін қандай қиын іс болса да, алдымен өзіңмен жұмыс істеу керегін ескертті.

“Көз жастарыңды сорғалатып, желіге видео салмай, жаныңдағы жарыңа, досыңа айт. Есікті тарс жауып, өзіңмен-өзің жыла. Тауға барып бар дауысыңмен айқайла, шарап іш. Трагедияны тұншықтыратын амал көп қой. Құдай үшін, көз жастарыңды көл қылып, видео салмаңдаршы. Сендер үшін жұрттан мен ұяламын. Онсызда жетісіп жүрген адам жоқ. Күліп жүрейікші, қыздар! Сырымызды ішімізде сары майдай сақтап, құпиялы-сырлы жұмбақ әйел болып жүрейік. Біздің проблемаларымыз кімге керек?!”, – деп жазды әнші.