Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетісуда қант қызылшасы бұзылып жатыр

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2024
  • 323

Жетісуда жиналған қант қызылшасы бұзылып, босап кетіп жатыр. Оны өңдеу мүмкін емес. Бүгінде Көксу зауыты 42600 тонна өңдеп, 9 пайыз ғана қант шығарған. Ол өте төмен нәтиже, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы уақытқа дейін өнімін зауытқа өткізбеген шаруалар да бар. Кезегін күткен қожалықтардың әбігеріне облыстық ауыл шаруашылығы өз жауабын беріп отыр. Қазір Көксу зауытының шикізат сақтайтын қоймасы толып кетті. Оны ретке келтіріп, бір сұрыптап алу үшін бірнеше күн кідіре тұрады. Оның үстіне әкелген қант қызылшасының іске жарамай жатқан бөлігі де бар. Қазір зауыт басшылығы бұл мәселенің алдын алу жұмыстарын атқарып жатқанын мәлімдеп отыр. Қызылша өніміне әуес бактериоздар шикізатты бүлдіріп, таза өнім алуға кедергі келтіруде. Оған табиғаттың да әсері бар. Күз басталғалы Жетісуда жаңбыр толастар емес. Бұл шаруалар үшін үлкен зиян екенін ұмытпайық.

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қант қызылшасын сақтау өте қиынға соғып тұрғанын айта кету керек. Біздің кәсіпорынға жиналған қант қызылшасы бұзылып, өкінішке қарай біртіндеп ағып кетіп жатыр. Оны өңдеп, таза өнім алу мүмкін емес. Бүгінгі таңда біз 40 мың тоннадан астам өнім өңдедік. Бұл дегеніңіз жалпы алғанда 9 пайыз ғана қант шығардық деген сөз. Нәтиже көңіл көншітпей отыр. Жауынның толассыз жауып тұрғаны да өздеріңізге мәлім. Оған тағы бір себеп зауытқа келіп жатқан шикізаттағы бактериоз бүкіл технологияны бүлдіріп, өнім шығаруда кедергі келтіріп жатыр. Біз қазір осы мәселені шешу үшін жоспарлар құрып жатырмыз. Зауытқа келген барлық шикізатты таза өңдеп шығару үшін біраз күш жұмсау қажет. Ол оңай шаруа емес, - дейді Көксу қант зауытының басшысы Алтынбек Абатов.

Оның айтуынша, қазірга уақытта зауыт қуаттылығын 2 есеге көтеру жағдайын ойластырып отыр. Ол үшін шет елдік компаниялармен келесімшарттар жасап, өзара жұмыс істеп жатыр. Ол жобаларды іске асырған жағдайда аталған өндіріс орны 400-450 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдап, өңдей алады. Бұл алқап көлемін арттыруға мүдделі облыс үшін үлкен көмек болмақ.