Қарағанды облысында ауыр қылмыс жасауға қатысы бар алты қылмыстық топ ұсталды. Оның құрамында аралас жекпе-жек жаттықтырушысы да бар. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ "Qarmet" қызметкерлерін бопсалаған. Қазір бұл фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді. Оның 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қылмыстық топты ұстау барысында бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілген.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:
Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша үш қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді. Өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда.