Русский Сайттың толық нұсқасы

«Мен әншімін» байқауынан жүлделі оралған даңқты жерлесіміз Димаш халқымен қауышты

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2017
  • 3266

Димаш өзін тағатсыздана күткен халқымен де қауышты. Астаналықтар оны әуежайдан күтіп алып, артынша саңлақ ұлдың құрметіне өнер кеші ұйымдастырылды. Қазақстанды күллі әлемге паш еткен Димаш елін, тыңдарманын сағынып қалғанын жасырмады. Әншінің алдағы жоспарлары жайлы Дәуренбек Бағдаулет тарқатады.

Қарсы алғаны Димаш ешкімнің де көңілін қалдырмай, реті келсе, бүгінгі кешке жиналған барша адамның қолын алуға әзір. Қызыл кілемнен жүріп өткен феноменді халық қаһарман ретінде қарсы алып, ықыласын аямады. Оны қазақ өнерінің алдаспанына балағандар да жоқ емес. Қытайдан жаңа ғана оралғанына қарамастан, тыңдарманымен сағына қауышып, елім деп ән салды.

«Қазақстан» концерт залында ине шаншар орын жоқ. Мәдениет министрлігі әнші ұлын сағынған халыққа осылайша тамаша өнер кешін сыйлауды жөн санапты. Аталар батасын беріп, ақындар арнауын арнап, шын мықтыны барынша ұлықтаған кеш болды. 

Қанат Айтбаев, Димаштың әкесі:

Жалпы өнер адамын өсіріп, қанаттандыратын халық қой. Сондықтан тақымын қысып, өз отбасының баласындай үлкен қолдау білдіріп отырған, тілектес болған халыққа, әр отбасы мен ата-аналарға алғысымызды білдіреміз.

Димаштың әндерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдарманның ықыласпен қабылдағаны баршаға мәлім. Кәрі құрлықтан түрлі деңгейде шақыртулар алып жатқан оны жақында ең танымал жобалардың бірінен көріп қалуымыз мүмкін.

Алпамыс Шаримов, Димаштың PR-менеджері:

Алдағы уақытта Еуропаның ең танымал бір бағдарламасы бар, оны әзірге құпия сақтайық, соған Димаш құрметті қонақ ретінде шақыртылды. Онда әлемге танымал әншілермен бірге өнер көрсетеді. Ол осы келер айдың басында.

Димаштың өзі, Қытайдағы жобаның келісімшартына сай, әзірге сұхбат бере алмайды, ал жақын арада жерлесіміз тыңдармандарын жеке концертімен қуантпақ.