Қызыл
суға байланысты Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында төтенше жағдай
жарияланды. Есіл арнасынан асып, 5 ауылды су басқан. 800-ге жуық адам
эвакуацияланды. Құзырлы органдар жедел түрде адамдарды қауіпсіз аумаққа
шығарып, осал жерлерде қосымша құмды бөгеттер тұрғызып жатыр.
Үрей
туғызған қызыл су алдымен былғары зауыты кентіне жеткен. Есіл өзені тасып, ауыл
шетіндегі 115 үй суға кетті. Жұрт тасқыннан үрейленсе де, былтыр тұрғызылған
800 метрлік дамбаға үміт артқан еді. Алайда, алып бөгет алапат тасқынды тоқтата
алмады. Су келгенде абыржып қалған жұрт, дүние-мүлкін тастап, қаша жөнелген.
Николай
Ягодкин, былғары зауыты кентінің тұрғыны:
Үйдегі
заттарымыздың көбін сақтап қала алмадық. Қолымыздан келгенін жоғары көтердік.
Ал қалғаны судың астына кетті. Тоңазытқыш та су бетінде қалқып жүр.
Ал Қызылжар ауданындағы Озерный ауылы аралға айналған. Елді мекеннің жан-жағын су басты. Қазір ауыл ортасындағы дөңде тұрған үйлер ғана тасқыннан аман қалған. Өркениетпен байланысы үзілген жұрт тек қайықпен ғана қатынап жүр. Қала тұрғындары аралда қалған ағайын-туысына азық-түлік тасып әлек.
Бүркіт Құсайынов, Петропавл қаласының тұрғыны:
Ініме тамақ апарып жатырмын. Себебі магазинге ештеңе кіре алмайды. тамақ апарылмайды. Нан, ұн.
Озерный ауылын алқымдаған топан су Мичуринге де кіре бастады. Бір түннің ішінде су деңгейі 34 сантиметрге көтеріліп, 37 үй су астында қалған. Енді өзге баспаналар жапа шекпеу үшін жергілікті әкімдік, төтенше жағдай қызметі мен әскерилер бірлесіп, ауыл шетіндегі бөгетті балшықпен күшейтіп жатыр. Жағдайдың қауіптілігіне байланысты Астана мен Алматыдан қосымша құтқарушылар жұмылдырылған.
Виктор Гришай, Республикалық жедел құтқару жасағы жетекшісінің орынбасары:
Астанадан
27 адам жіберілді. Алдымен Заречный кентінде адамдарды тасыдық. Ал түнгі
уақытта үйлерді ұрылардан күзеттік. Қазір мына дамбаны көтеріп жатырмыз.
Тасыған
өзен суы Петропавлдың іргесіндегі Вишневка ауылына да жетуі мүмкін. Билік
өкілдері ауыл жұртын маңайда тұрған Якорь селосына көшірген. Тұрғындардың басым
бөлігі уақытша туыстарының үйін паналаса, 16 адам ауыл мектебіндегі эвакуациялық
бекетте орналасты.
Валентина Гладырева, Вишневка селосының тұрғыны:
Малдың
барлығын Якорьге көшірдік. Төрт түлікті үлкен базаға орналастырды.
Таңертен-кешке барып, сауып отырамыз. Жалпы, әжелеріміздің айтуынша, мұндай
тасқын соңғы 50 жылда болмаған екен.
Арнасынан
асқан Есіл өзені кейбір жерде 9 шақырымға дейін жайылған. Салдарынан Петропавл
қаласы мен Қызылжар ауданында 171 үй су астында қалды. Облыс бойынша барлығы
300-ден астам баспана зардап шеккен. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Жер-жерде
комиссия құрылып, есептеуге кірісті.
Құмар
Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Су
деңгейі Есілде өткен күні 34 см көтерілді. Бүгінде әлі су келеді деп күтіп
отырмыз. Мақсатымыз - қауіпті жерледен адамдарды шығару. Бұл жұмыстарды кешеден
бері, түнде де атқардық.
Абзал
Құрманки, тілші:
Төтенше жағдай мамандарының айтуынша, қазір Қызылжарда тасқын шарықтау шегіне жетті. Себебі кеше өзен деңгейі 34 сантиметрге көтерілсе, бүгін ол 2-ақ сантиметрге өскен. Демек, жуық арада тасқын беті қайтуы мүмкін. Алайда, Қазгидромет мамандары алдағы бейсенбі-жұма күндері су деңгейінің əлі де артатынын болжап отыр.