Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтардың ит аулаушылардың жұмысына көңілі толмайды

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2017
  • 8773

Қаңғыбас иттердің де іздеушісі бар. Алматылықтар иесіз иттерді аулаушылардың жұмысына көңілі толмайтынын айтуда. Әсіресе, олардың төрт аяқтыларға аяушылық танытпайтынына наразы. Тіпті «Қалалық ветеринария орталығының» жұмысына қатысты прокуратураға  шағым түсірген. Ал ветеринарлардың өз уәжі бар.

Алматылық Айдын Жайлыханов үй маңында ит аулаушылардың жұмысын үнемі бақылап жүреді. Сөзіне сенсек, олар иесіз жүрген төбеттерді ұстауға келгенде тым аяусыздық танытқан. Көлікке лақтырып, денесін зақымдаған жайтты көзбен көргенін айтып,  жағасын ұстап отыр.

Айдын Жайлыханов, қала тұрғыны:

Аулаушылар келеді, бірақ кейде ұстай алмай кетеді. Ұстаған күннің өзінде жаңағы иттерге қорлықпен әрең-әрең ұстайды. Тәжірибелері жоқ аулаушылардың. Аяушылық көрсетпейді. Ұстағанның өзінде машинаға лақтырып. Ит те жануар ғой. Алланың жаратқаны. Жеті қазынаның бірі.

Қарапайым тұрғындар мен жануарларды қорғаушылардан прокуратураға түскен арыз-шағымнан «Қалалық ветеринария орталығы» хабардар. Алайда мамандар ит аулаудың да қиындығы жетіп артылатынын жасырмады. Тіпті итке 10 жылдан бері таланып жүргендер де бар.

Бақытбек Нұрбеков, ит аулаушы:

Осы жұмыста істеп жүргенімде міне саусақты жұлды. Қолды тістеді, сондай травма алдық. Қиын жұмыс. Иттерді ұстамаса, өзіңіз ойлаңыз, бір ит 5 күшік туады. Он итіңіз - 50 күшік. Бүкіл қалаға жайылып кетеді. 

Салауат Бектемісов,  Алматы қалалық ветеринария орталығының  директоры:

Прокуратураның айтқаны, соның сыртында трос бір жеріне зақым келтіреді, травма келтіреді дейді. Соның сыртын гелевое покрытие жасаңдар деді, оны жасадық. Максимально иттерге  зақым келтірмей ұстауға біз келіп  жатырмыз. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Иттер мен мысықтарды оқшаулау орталығына күніне 120-ға жуық ит пен мысық әкелінеді. Олар иесі табылғанша, осында 3 күн болады. Ал, қожайыны табылмаған жағдайда оны ветеринарлар дәрінің көмегімен өлтіреді. Бұл міндет қалалық ветеринарлық орталыққа жүктелген.

Жануарларды оқшаулау орны жалға алынған. Ғимараттың халықаралық талапқа сәйкес келмейтінін ветеринария басқармасының басшылығы да жасырмайды. Сондықтан ит аулаумен айналысатындарға ыңғайлы база салып беру мәселесі қарастырылуда.

Нұрлан Қарабатыров, Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

1 га жер қарастырылды. Жақын уақытта мәслихаттың қарауында қаржы мәселесі қаралатын болады. Және чиптеу барлық жануарларды. Чиптендіруге биылғы жылы 117 млн теңге бөлінген. Ол бүкіл Алматы қаласы бойынша жүргізілген. Және әр жануардың иесі таныстырылып және сол жануардың иесімен жүргізілетін болады.

Былтыр қаланы қаңғыбас иттерден тазартуға 153 миллион теңге бөлінген. 22 мыңнан аса төбет ұсталып, оның 385 иелеріне қайтарылған. Биылғы бөлінген 161 миллион теңгені игеруге ветеринарлық орталық кірісіп кеткен. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық ит ауланды.

Айгүл ЕРМАХАН