Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетісудағы Шажа өзенінде балықтар қырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2024
  • 158

 Шажа өзенінде албырт тұқымдас балықтар қырылып жатыр. Жағадан әр аттам сайын 4-5 балықтың өлексесін көруге болады, - деп жазды KAZINFORM.

Шажа өзені Текелі қаласын кесіп етіп, Қараталға қосылып, Балқаш көліне құяды. Онда ханбалығымен қатар осман, қара балықтардың түрлері кездеседі. Жағада жаппай қырылып жатқандары көбіне «қабыршақты осман» балығы.

«Менің балық аулаумен айналысып жүргеніме 30 жылдай уақыт болды. Мұндайды бірінші рет көруім. Бүгін Шажаның бойымен бірінші құйындыға, екінші, үшінші құйындыға бардым. Балық өлекселері шашылып жатыр. Шамамен қазан айының басында басталды. Содан бері еріктілерге, экологтарға, әкімшілік пен эпидемиологтарға жүгіндім. Естуімше судың сынамасын алған. Бәрі таза деп отыр. Менің болжамым жоғарыда су қоймасы бар. Сонымен байланысты сияқты. Өйткені одан жоғары қырылып жатқан балық жоқ. Өзен жағасы таза»-дейді, жергілікті балықшы Сергей Шумилин.

Суда өліп жатқан балықтардың сыртын ақ түсті, созылмалы сұйық зат жауып кеткен. Ал, жүзіп жүргендерінің денесінен ақтаңдақтарды байқауға болады. Балық инспекциясындағылар өзен жағасынан судың сынамасын алып, тексеруге жіберген. Қиыны сол Жетісу облысында балықты зерттейтін бір де бір зертхана жоқ. Сол себепті Алматыдан келетін институт мамандарын күтіп отырғандарын айтады.

«5 қазан күні Шажа өзеніне барып, судың сынамасын алып, қырылған балықты жинап, эколоктар мен эпидемиолог мамандарға өткізгенбіз. Енді бүгінгі таңда Алматыдан келетін ғалымдарды күтіп отырмыз. Ертең таңмен өзен бойына шығып, балықтарды жинап институтқа жібереміз. Себебі Жетісу облысында балықты зерттейтін зертханалар жоқ. Судың құрамы таза болып шығып отыр да балық неден қырылып жатыр соны біле алмай отырмыз. Бізде қазіргі таңда қабыршақты осман ғана басқа балықтың түрі жақсы. Сол бір түрі болса демек бір ауру болып тұр ма?» - дейді Болат Тумбаев Қаратал балық инспекциясының бөлім басшысы.