Русский Сайттың толық нұсқасы

Такси қызметтері өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілуі мүмкін

Такси қызметтері өзін-өзі реттеу ұйымдарына берілуі мүмкін. Әйтпесе олардың жұмысы заңсыз деп танылады. Мәжіліс тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат такси тасымалын бақылау үшін «Яндекс.Go», «InDrive», «Апару» және «Везёт» сияқты интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Енгізілген өзгерістер саладағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық салдарын азайтып, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуді көздейді. «Ал бұл өз кезегінде такси бағасының төмендеуіне алып келеді»,- деді көлік министрі Марат Қарабаев.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:

Қазіргі бірінші кезеңде жеке такси болып жүрген кісілерге мұның ешқандай әсері болмайды. Қазіргі заң талабына сәйкес жеке такси болып жүрген кісілер бұл заңмен қамтылмаған. Қазіргі заңмен өзін - өзі реттеуге облысаралық, халықаралық қатынастар кіреді және ресми такси операторлары кіреді. Ол 2883 компания және ол жақта 10 мың көлік тіркелген.

Дегенмен, кей депутаттар заң жобасын сынға алды. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев такси қызметімен айналысатын платформалардың пайызын түсіру туралы бастама көтерді. Аталған заң жобасын кезең-кезеңімен жүргізуді ұсынды. 

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Министр мырза айтты ғой, өзін-өзі реттеу ұйымдарын құрған кезде бұл үлкен платформалардың алдында жүргізушілердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді, үлкен платформалардың алдында таксистердің құқығын қорғайтын адам қалмады деп. Демек, дәл осы кезде такси қызметкерлерінің құқығын қорғау керек болған ведомство, сіздің министірлік қайда болған? Оны қазір өзін-өзі реттеу ұйымына берген кезде азаматтарға тұтас платформа алдына барып құқығын қорғай алады дегенге кім сенеді? Егер тұтас министрлік реттей алмаса? Бұл мәселе.