Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да 100 млн жыл бұрын тіршілік еткен ихтиозаврдың қаңқасы табылды

Осыдан 100 млн жыл бұрын тіршілік еткен ихтиозаврдың қаңқасы Ақжайық атырабынан табылды. Мұның ғылыми жаңалық екенін айтқан мамандар оған енді "Қазақстанозавр" деген атау бермек. Олардың айтуынша, бұл мақұлық суды мекендеген ихтиозаврлардың арғы атасы көрінеді. Қазір табылған қаңқа сүйектері зерттеліп жатыр. 

Тұрқы ешбір жануарға ұқсамайтын үлкен сүйекті Бәйтерек ауданындағы жас геологтар тобы тапқан. Бірақ бұл "олжаны" зерттейтін ғалымды ұзақ іздеуге тура келіпті. Кейін олар табылған сүйектің динозаврға ұқсамайтынын анықтап, ғылыми жаңалық ашылғанын мәлімдеді.

ҒАЛЫМ БЕКҚАЛИЕВ, БҚО БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТУРИЗМІ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

150 мың жыл бұрын осы ихтиозавр сол жерде болған деп айтады ғой. Теңіз болды дейді, теңіз кезінде шайылып келген дейді ғой. Жердің 1-2 метр астында сүйектері бар дейді. Бүгінгі күні жердің өзгерістеріне байланысты жердің астындағы сүйектердің кейбірі бетіне қарай шығып жатыр. Балалар зерттеу жұмыстарын қызығушылықпен жүргізіп жатыр.

Сүйекті зерттеген Назарбаев университетінің ғалымдары ихтиозаврдың 3D форматындағы графикалық пішімін жасады. Озық технология көмегімен есте жоқ ескі заманда тірлік еткен хайуанның көшірмесін тарихта қалдырмақ.

РЭНДИ ХАЗЛЕТТ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ:

Біз Назарбаев университетінен арнайы музей ашып, ихтиозаврдың сүйегін сонда сақтамақпыз. Мақұлықтың қалдығын зерттеген ресейлік ғалымға "ҚАЗАҚСТАНОЗАВР" деген атау беруді ұсындық. Бұл осыдан 250 млн жыл бұрын Батыс Қазақстандағы тіршілік болғанын білдіреді. Сол кезде Қазақстанның бір ширегі мұхит басып жатқан еді. Сондықтан ихтиозаврды теңізде тіршілік еткен дегеніміз дұрыс.

Балалардың зеректігі мен алғырлығына тәнті болған ғалымдар оларға геологиялық құралдарды тарту еткен. Тескіш, балға, шапқы және өзге де жабдықтарды енді жас геологтар зерттеу жұмыстарына қолданбақ.