Батыс Қазақстан облысында сұйытылған мұнай газының тапшылығына байланысты автогаз құю стансаларында ұзынсонар кезек тыйылар емес.
Жүргізушілердің айтуынша, Оралда көліктеріне газ құйдыру үшін сағаттап тұруға тура келеді.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусиннің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, облысқа «Жайықмұнай» ЖШС-дан қазан айына жоспарланған 3 510 тоннаның 70 пайызы алынды.
«Қалған 800 тонна сұйытылған мұнай газы айдың аяғына дейін беріледі. Ал Атырау облысы аталған кәсіпорыннан көзделген газдың 93 пайызын алды. Алдағы айда «Жайықмұнай» ЖШС-дан БҚО-ға 4 030 тонна сұйытылған газ алу жоспарлануда. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты іске қосылғаннан кейін атыраулықтар өздерінен алатын болады», – деді Б.Мусин.
Сұйытылған газ тапшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты жабылуынан кейін туындағаны белгілі.
Батыс Қазақстанда газ құю стансаларында кезек әлі көп
«Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуді аяқтап, өңдеу қондырғыларын іске қосумен жұмыстануда. Қондырғылар біртіндеп технологиялық режимге шығарылып, өңдеу көлемі ұлғайтылады. Ал өңірге АИ 92 бензинінің жеткізілуі қалыпты жағдайда», – деді басқарма басшысының орынбасары.