Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда ірі сауда орталығының 1 мың шаршы метрі өртке оранды

Атырауда ірі сауда орталығында өрт шықты. Абырой болғанда, адам аман. Алайда өрт сөндірушілер қызыл жалынмен 5 сағатқа жуық арпалысты. 80 адам эвакуацияланған, оның 45-і бала. Оқшауланған тұрғындар мен кәсіпкерлерге дәрігерлермен бірге психологтар көмек көрсетті. Қауырт желі іске қосылды. Өрт неден шыққан? Зардап шеккендер қанша? Тілшіміз баяндайды. 

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бір мың шаршы метрге жуық аумағы өртке оранған сауда ойын сауық орталығы алдын кәсіпкерлер түнімен торуылдап шыққан. Қазір де жағалап жүргендер көп. Олар жалға алған дүкенінің қаншалықты зардап шеккенін көріп шығу үшін таңертеңнен бастап кезекке тұрды. Сауда орталығы толық қоршалған.

Бөгде адамдарға кіруге рұқсат жоқ. Қақпа сыртында демін ішіне тартқан жалға алушылар. Уайымнан түнімен көз ілмедік,- дейді ателье иесі Юля Михайлова. Ол 9 жылдан бері осында 10,5 шаршы метр дүңгіршекті жалға алып, кәсібін жүргізіп келеді.

ЮЛЯ МИХАЙЛОВА, КӘСІПКЕР:

Менің қызметкерім телефон шалды. Ол ешқандай дабыл соғылмағанын айтты. Оған күзетші келіп айтқан, содан далаға жүгіріп шығыпты. Іште өте қымбат тігін машиналары, жабдықтар бар. Қатты уайымдап тұрмын, төбеден су ақты ма, жоқ па, ішке кіріп көргім келеді. Қымбат дүкен, оның үстіне тапсырыс берушілердің қымбат заттары бар. Олар келіп менен талап етсе, өзім төлеуім керек қой.

Сауда орталығында 94 кәсіпкер дүңгіршектер мен алаңқайларды жалға алған. Алдын ала болжам бойынша өрт екінші қабаттағы «Балалар әлемі» дүкенінің қоймасынан басталыпты. Электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп,- дейді. Сауда орталығында өрт қауіпсіздігі осыдан бес жыл тұрын ғана тексерілген.

БАҒДАТ АБДУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Өрт оқиғасы бойынша ҚР ҚК 292-бабы 1 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. 2019 тамыз айында жүргізілген. Қазіргі уақытқа моротория жарияланды ғой кәсіпкерлік субъектісінің бәріне соған сәйкес тексерістер қысқартылғар. Тексеріс жүргізілмеген.

Сауда орталығының өкілдері сараптама қорытындысы шықпай ештеңе айта алмаймыз,- дейді. Бар болғаны өрттің себебін тергеп-тексеру кезінде кәсіпкерлерді жалға алу құнынан босатпақ.

РУСЛАН ІЗБАСОВ, САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ:

Барлық кәсіпкерлер сараптама, тексеру және жөндеу жұмыстары кезінде толықтай жалға алу ақысынан босатылады. Өрт түнде ғана болды.Хабарды естіген бойда Астанадан ұшып келдік. Мемлекеттік сараптама нәтижесін күтеміз. Біз барлық бейнебақылаудың жазбасын тиісті органдарға тапсырдық.Менің ойымша біздің тараптан ешқандай бұзушылық болған жоқ деп ойлаймын.

Сауда орталығы жұмысы әзірге толықтай тоқтап тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында зардап шеккендерге арналған қауырт желі жұмыс істеуде.