Русский Сайттың толық нұсқасы

"Бетінің жартысын тіліп кеткен": Ақтауда ойын алаңында бекітілмеген футбол қақпасы 12 жасар қыздың үстіне құлады

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2024
  • 196

Ақтауда 2-шағын ауданда балалар ойын алаңының бірінде футбол қақпасы 12 жасар қыздың үстіне құлап, бетінің жарты бөлігін тіліп кетті. Қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев желіде ойын алаңын салған мердігер мен құзырлы органдарды кінәлады. Айтуынша оқыс оқиға дәрігерлер қызды аман алып қалған. Алайда кейін төрт күн өтсе де жерге бекітілмеген қауіпті қақпаны алаңда сол күйі қараусыз қалдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша қақпаны мердігер мұнда екі апта бұрын орнатқан.

“Қала билігі ойын алаңдарын жаңартып жұмыс істеуде. Алайда мұнда ашуланатын нәрсе бар сияқты. Дауласпаймын, жұмыстар жүргізілуі керек. Бірақ әдеттегідей, мердігер жүргізілетін жұмыстардың сапасын мүлде бақыламайды. Бұл жағдайда мердігер футбол алаңының бүкіл құрылымын: қоршаудан бастап, қақпаға дейін бекітпестен қоя салған. Салдарынан 24 қазанда сағат 18:00-де балалар қақпаны көтеріп қойып, футбол ойнай бастаған. Бес минут өтпесетен қақпаның бірі тікелей 12 жасар қыздың басына құлады. Тіпті қыздың бетінің жартысын тіліп кеткен. Бақытымызға орай дәрігерлер қызды аман алып қалды”, – деді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша оқыс жағдайдан төрт күн өтсе де жергілікті билік алаңға еш шара қолданбаған.

“Бұл оқиғадан полицейлер, Денсаулық сақтау басқармасы және т.б құзырлы органдар хабардар. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Футбол алаңы сол күйі аяқталмады. Қақпалар сол күйінде жатыр. Ең болмағанда реттеп қоймаған. Қызық, егер шенеуніктің бірінің немесе блогер, қоғам қайраткерінің балалары зардап шексе, бұл қақпа осы уақытқа дейін бұлай жатар ма еді? Немесе сол күні жағдайды түзете бастар ма еді?”, – деп қосты ол.

Блогер кейін қызға толық реабилитациядан өтіп бетін емдету үшін қомақты қаражат қажет екенін айтып, жұртшылықты қаражат жинап беруге көмектесуге шақырды.

“Өздеріңіз көріп отырғандай, қыздың бетінің жартысына тігіс қойған. Өкінішке орай, тиісті оңалту мен көмексіз, 12 жасар қыздың бетіндегі бұл жарақат кете қоймайды. Ал психологиялық жарақат өмір бойы қалуы мүмкін. Оқыс оқиғаға кінәлі мердігер ұйым қызды оңалту бойынша барлық шығындарды өз еркімен өтейтініне күмәнім бар. Сондықтан еліміздің барлық бей-жай қарамайтын тұрғындарынан қыздың отбасына көмектесуін және оларды қолдауын сұраймын”, – деді Азамат Сәрсенбаев.