Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда өткен жылы 45 мың адам инсульт алған

Бүгін - бүкіләлемдік инсультқа қарсы күрес күні. Оның кесірінен жыл сайын 7 миллионға жуық адам көз жұмады. Ал елімізде жылына 40 мың адам инсульт алса, былтыр бұл көрсеткіш 45 мыңға жеткен. Егер оның белгілері 4-5 сағат ішінде анықталып, қажетті шаралар жасалса, аурудың алдын алуға болады. Алайда толық емдейтін дәрі әлі табылған жоқ. 

ГҮЛЖАН ЖОЛАМАНОВА, НЕВРОПАТОЛОГ:

Инсультті тудыратын негізгі бірқатар аурулар бар. Олар қан қысымының көтерілуі, қант диабеті және жүрек аурулары. Адамдар көп жағдайда осы ауруларға шалдыққанын байқай бермейді. Сондықтан емделмей ұзақ уақыт жүріп қалуы мүмкін. Соның кесірінен инсульттен зардап шегіп жатады. Сол секілді зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы және шаршап-шалдығу да тікелей инсультке алып келуі мүмкін.

Елімізде алғашқы 10 күнде 5 мың адам және инсульттан кейінгі бірінші айда тағы 5 мың адам қайтыс болады. Тірі қалғандар мен ауруханадан шығарылған науқастардың дені мүгедекке айналады. Мұндай науқастардың 20-25%-ы басқалардың көмегінсіз қалыпты өмір сүре алмайды. Ал елімізде онымен күресетін 81 инсульт орталығы бар.