Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президентін «Достық» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдады. Президент оған дзюдоны дамытуға үлес қосқаны үшін ризашылық білдіріп, елімізде осы спорт түріне балалар мен жастар арасында қызығушылық зор екенін жеткізді. Сондай-ақ федерациямен қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екендігімізді жеткізді. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы өзара ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп санаймын. Бүгінде дзюдоның әлемдік спорт қоғамдастығында алатын орны зор. Дзюдо Қазақстанда да өте танымал спорт түрі. Елімізде көптеген секция мен жаттығу орталықтары жұмыс істейді. Онда 160 мыңнан аса адам, солардың ішінде балалар да жаттығады. Жақында өткен Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеңімпаз атанғанын мақтан тұтамыз. Сондықтан біз Халықаралық дзюдо федерациясымен қарым-қатынасты өркендетіп, ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз.

Кездесуде Мариус Визер Мемлекет басшысына елде бұл спорт түріне қолдау көрсетіліп жатқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының ұйытқы болуымен академия ашу жоспарланып отырғанын айтты. Екі тарап елімізде 2027 жылы өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына дайындық мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы федерация президентін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. 

МАРИУС ВИЗЕР, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЗЮДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға келу – мен үшін үлкен мәртебе. Сізге және еліңізге дзюдоға ғана емес, әлеуметтік интеграцияның және бейбітшіліктің бірден-бір тетігі саналатын спорттық қозғалысқа қолдау көрсеткеніңізге ризашылығымды білдіремін. Дзюдо қауымдастығының барлық мүшесі ортақ мақсатқа жұмылады. Бұл – қоғамда лайықты орны бар азамат тәрбиелеу.