Алматы облысы Ақсай елдімекеніндегі автодромда трюк жасаймын деп 22 жастағы жігіт жан тапсырды. Оқиға Алматы - Астана тас жолындағы Сокол автодромында болды. Жоспар бойынша Батырхан есімді жас жігіт жүріп келе жатқан Lamborghini көлігінің үстінен секіруі керек болған. Алайда сәтсіз шығып, 45 жастағы жүргізуші оны қағып кеткен. Тез арада аудандық ауруханаға жеткізілгенімен жарақаты ауыр болғандықтан жігіт көз жұмды. Оқиға “ауыр зардаптарға әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу” бабы бойынша тіркеліп, тергеу басталды.
МЕРУЕРТ МОРЯКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
29 қазанда Ақсай ауылындағы «Сокол» автодромының аумағында бейнеролик түсіру үшін трюкті орындау кезінде 22 жастағы жас жігіт абайсызда 45 жастағы жүргізуші басқарған көліктің астына түсті. Оқиға салдарынан жас жігіт аудандық ауруханаға жатқызылды, ал 30 қазанда есін жимаған күйде қайтыс болды.
Көліктің иесі танымал блогер Бейбіт Әлібековтікі екені белгілі болды. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Батырхан қайта қайта көлікті сұрап қоймаған соң бергенін жазды. Марқұмның туыстарына қайғыра көңіл айтып, көлікті бергені үшін өкінішін жеткізді.
БЕЙБІТ ӘЛІБЕКОВ, БЛОГЕР:
Батырхан Ержан есімді жігіт менен көлікті қайта-қайта сұрады. Трюк жасап, видеоға түсіргісі келетінін айтқан. Бірнеше рет сұрағаннан кейін көлігімді бергенмін. Қайғылы оқиға трюк жасау кезінде болған. Артынша ол ауруханада көз жұмды. Көлігімді бермеуім керек еді. Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.