Русский Сайттың толық нұсқасы

Алимент төлемеген әке баспанасынан айырыла жаздады

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2024
  • 57

Өкінішке қарай, қоғамда баласына алимент төлеуден жалтаратын әкелер мен аналар әлі де бар. Олардың дер кезінде жасамаған төлемі қордаланып, миллиондаған сомаға жетіп жатқан жайы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айталық, павлодарлық әке баласына 4 млн теңгеден астам сомаға қарыз болған. Сот орындаушы бірнеше рет төлем жасауы тиіс екенін ескерткенімен, әлгі әке оны елемеген. Сол себепті сот орындаушы екінші деңгейдегі банктердегі шотына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салу туралы қаулы шығарған.

"Белгілі болғандай, борышкердің банк шоттарында қаржысы, өзіне тіркелген жылжымалы мүлкі болмаған. Оған қоса, жұмыс істемеген әрі зейнетақы аударымдары жасалмаған. Бірақ, бір бөлмелі пәтері тіркелгені анықталды. Сондықтан сот орындаушысы баспанасы арқылы алименттік қарызды өтеп алуға қатысты қаулы шығарды", – деп хабарлайды Павлодар облыстық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының өкілдері.

Жалғыз баспанасынан айырылу қаупі туындаған кезде ғана борышкер қарызын өтеп, баласына 4 млн 255 мың теңге берген. Оған дейін ай сайын алимент төлеуден жалтарып келген.

Сол сияқты осыдан біраз уақыт бұрын баласына алимент төлемеу үшін шетел асып кеткен павлодарлық ұсталды. Ол 2 млн теңге қарызын өтеуден жалтарып, 8 жыл бойы өзге мемлекетте бой тасалап келген. Полиция өкілдері ол Алматыға келген уақытта әуежайда ұстап, сот орындаушылардың қолына тапсырды.

Жалпы, жыл басынан бері жергілікті көші-қон полициясының өкілдері балалары алдындағы қарыздан "қашып" жүрген 200-ден астам азаматты анықтап, ұстады.