Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысының атқамінерлері тасқынның алдын алу шараларын күшейтті

  • AstanaTV
  • 02 мамыр 2017
  • 1948

Қызылорда облысына тасқын су қаупі төнді. Қазір Сырдария өзеніне келіп жатқын судың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда үш жарым есеге көп. Жағдайды көзбен көріп, бағамдау үшін Су ресурстары комитеті басшысы Ислам Әбішев облысқа ат басын бұрды. Оның айтуынша, дәл осындай жағдай 1969 жылы болған. Қазір жағалауды нығайту жұмыстары басталып кетті.

Небәрі төрт айдың ішінде Шардара су қоймасына 13 миллиард текше метр су жиналған. Сырдария арқылы қазір 1400 текше метр су өтіп жатыр. Жақын арада тағы да үш жүз текше метрден аса су өзенге құйылады деген болжам бар. Демек, секундына екі мың текше метрге жуық су Сырдариямен ағып өтпек. Ал, бұл - қауіпті мөлшер. Синоптиктер болжамы да көңіл көншітпейді. Мамырдың 2-сі мен 16-сы аралығында өңірде жауын-шашын болып, жығылғанға жұдырық болғалы тұр.

Ислам Әбішев, ҚР АШМ су ресурстары комитетінің төрағасы:

Қаратаудың басындағы қарлар әлі толық ерген жоқ. Судың көп келу өте үлкен қаупі бар. Аса көп мөлшерде су келе қойған жағдайда, онда біз Арнасай, Айдаркөл көліне су тастап жіберу жөнінде Өзбекстан мемлекетінің басшыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 4 мың, 5 мың куб су келетін жағдайда көрші мемлекеттің бір дамбасы бар, сол дамбаларды уақытша ашып, біздің Арнасай су торабынан 2600 кубқа дейін су тастауға мүмкіншілігіміз бар.

Су тасыса, 357 мың тұрғыны бар 56 елді мекенге қауіп төніп тұр. Онда 247 мың бас мал бар. Сондықтан аймақ төтенше жағдай тәртібінде жұмыс істеуді қолға алды.

Жас баладан еңкейген қарияға дейін Сырдария жағалауын бекемдеуге жұмылдырылмақ. 

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

Сырдарияның бойында күре тамыр жолдар салынған, коммуникациялар салынған, елді мекендердің 85 пайызы осы Дарияның бойында орналасқан. Онда халқымыздын 93 пайызы тұрады. Үкімет пен Су ресурстары комитеті, Ауыл шаруашылық министрлігі, Төтенше жағдай комитетімен бірлесе отырып, әріптестеріммен, еліміздің азаматтарының, шаруашылықтардың басшыларының, кәсіпкерлердің, үлкендердің, кішілердің барлығының жұмылуымен осы жұмыстарды алдын алу мақсатында жүргізіп жатырмыз.

Айта кетейік, өткен аптада Үкімет отырысында аймақ басшысы Шиелі ауданында сыйымдылығы 600 миллион текше метрге жететін "Күміскеткен" су қоймасын салу жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба су тасқынының алдын алып қана қоймай, су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік бермек.

Шарипа САҚТАПОВА