АҚШ-та өтетін президент сайлауына 4 күн қалды. Америка халқы 47-басшысын сайлайды. Қазақстандық сарапшылар саяси бәсекенің нәтижесі біздің елдің экономикасына әсер етпей қоймайды дейді. Доллар бағасы өсіп, импорт қымбаттауы мүмкін. Тартысты дода туралы Аружан Задабек айтсын. Эфирде «Жер-жаһан» айдары.
Біз тып-тыныш жаңалық көріп отырғанда, АҚШ-та сайлауға қызу дайындық жүріп жатыр. Үміткерлердің арасында текетірес тоқтар емес. Жақындаған сайын халықты барынша өзіне жинайтын аман-тәсілдің бәрін қолдануда. «Қолыңнан келсе қонышыңнан бас» деп, іске білек сыбана кіріскен. Саяси науқанды емес, құдды бір шоу тамашалағандай күй кештік. Осыдан бірнеше күн бұрын Байден Трамптың жақтастарын «қоқысқа» теңеді. Бұған Трамп жай қарап жатсын ба, әдемілеп жауап берді. Қоқыс таситын көлікке мініп алып, жақтаушыларымен бірге даттағандарға жауап берген.
ЧАД СОЛОМОН, ТҰРҒЫН:
Мен Байденнің өзін де, Камала Харристі де қоқыс деп есептеймін. Мен мұны ашық айтамын. Оның соңғы төрт жылда жүзеге асырмақ болғаны инфляция, шекара дағдарысы, сыртқы істерінің бәрі былық.
Иә, бәсеке қызу. Бірақ тағы бір үміткер Камала Харрис өзгені даттап әуре болып жатқан жоқ. Керісінше, жанына жұлдыздарды жинап, сол арқылы халықтың қолдауына ие болмақшы. Әнші Дженнифер Лопес бәріңізге таныс болар?! Әлемді мойындатқан әртіс Камала Харриске дауыс беретінін айтып, жұртты да сол таңдауға шақырды.
ДЖЕННИФЕР ЛОПЕС, ӘНШІ:
Мен Американдықпын. Мен анамын. Мен әпкеммін. Мен актермін және эстрада әртісімін. Біз қазір ел үшін маңызды қадам жасаудамыз. Бүл жерде қателесуге болмайды. Болашаққа үлкен сеніммен мен Камала Харриске мақтанышпен дауыс беремін.
Америкалықтар «кімді таңдаймыз?» деп бас қатырып жүргенде, Испаниядықтар «жағдайды қалай қалыпқа келтіреміз?» деп елең-алаң. Испанияда алапат тасқыннан көз жұмғандар саны 159 адамға жетті. Құрбандардың көбі -Пайпорта қаласының тұрғындары. Онда 62 адам ажал құшқан. Қаладағы өзен тасып, жағдайды одан сайын ушықтырды. Испан үкіметі зардап шеккендерге көмектесемаіз деп уәде берген. Бірақ халық әлі жәрдем ала алмады. Мамандар бұл – Еуропа тарихындағы ең жойқын су тасқыны дейді.
ХУАН АНГЕЛЬ, ТҰРҒЫН:
Мен мұндайды ешқашан көрген емеспін, ешқашан. Өзеннің тасуы болды. Бірақ дәл осылай емес. Пайортаға, Пиканьяға, Торренткеге дейін жзетті. Бұл сұмдық қой.
Көптің назарын аударып, жұрттың жүрегін жаулаған «Кальмар ойындары» сериалының екінші маусымы басталады. 2021 жылы ең көп қаралған туындының жалғасын жұрт тағатсыздана күтті. Жаңа маусым 26 желтоқсанда көрерменге жол тартады. Бұл жолғы сценарий тіпті, ерекше дейді режиссер. Тағы рекорд жаңартуды көздеп отырғандарын да жасырмады.
ХВАН ДОНГ-ХЮК, РЕЖИССЕР:
2 маусымда 1-маусымнан аман қалған Джи Хун ойынға жеңіске жету үшін емес, осы ойынды аяқтау үшін қатысады. Басқа мәлімет бере алмаймын. Қалшғанын өзіңіз тамашалаңыз. Бұл жолы кейіпкерлердің саны көп болады.