Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді жер мәселесі толғандырады

  • AstanaTV
  • 02 мамыр 2017
  • 3047

Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері өзбектермен бәсекелес бола алмайтындарын мойындайды. Бірінші кедергі тарифтің қымбаттығы екенін алға тартты. Бұл ойларын бүгін Шымкентте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен жиында жария етті.

Өмірзақ Мелдеханов, кәсіпкер:

Біз тарифті төмендетпейінше, Өзбекстанмен бәсекелес бола алмаймыз. Көрші елде электр энергиясы 8 теңге, небәрі. Ал газ одан да арзан. Ал бізде 31 теңгеден, тіпті Мәскеудегіден де қымбат. Сондықтан бізге осы жағынан көмек болса дейміз. Қазақстанда кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Енді тарифті шешіп берсеңіздер, бүгінгіден де жақсы көтерілер еді.

Абылай Мырзахметов, тариф мәселесі өзекті екенін айта келе, мәселені шешуге тырысатынын айтты. Кәсіпкерлерді толғандыратын тағы бір мәселе - жер. Құрылыс жүргізетін телімдерінің түпкі мақсатын өзгертіп, құжат рәсімдеудің өзінде қолбайлау көп. Тимур Құлыбаев, бұл барлық өңірге тән нәрсе, деп отыр. Жергілікті тауарөндірушілердің тізімін жасап, мемлекеттік сатып алуларға қатысуда әкімдіктің көмегі болуы керек деді.

Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы:

Шымкент - миллионға жуық тұрғыны бар қала. Еліміздегі үшінші үлкен шаһар. Сондықтан кәсіпкерлік өзге өңірлермен салыстырғанда мұнда көш ілгері болуы керек. Шымқалада іс қылам деуші азаматтар өте көп. Тіпті Қазақстанның барлық жеріне инвестиция тартып, бизнесті дамытып жүр. Егер сіздер тиімді жағдай жасасаңыздар, жергілікті жердің өзінде-ақ кәсіпкерлікті дамытады олар.