Русский Сайттың толық нұсқасы

Валенсиядағы су тасқынына жәрдемдесуге 10 мың әскери мен полиция жіберілді

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2024
  • 281

Испания премьер-министрі су тасқынынан зардап шеккен Валенсияға 10 мың сарбаз бен полицияны жіберуге бұйрық берді. Бұл туралы ВВС жазды. 

Табиғат апатынан қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 200-ден асты. Көптеген жергілікті тұрғын билікті қауіп туралы дер кезінде ескертпегені және болып жатқан оқиғаға тым баяу әрекет еткені үшін кінәлайды. 

Испания премьер-министрі Педро Санчес зардап шеккен аймақтарға 5 мың әскери қызметкер мен осыншама полиция қызметкерінің аттанатынын айтты. Осылайша, су тасқынының салдарын жоюға қатысатын құқық қорғау органдары өкілдерінің жалпы саны 17,5 мыңды құрайды. 

«Біз бейбіт уақытта елімізде бұрын-соңды болмаған төтенше жағдайлар қызметі мен армияның ең үлкен операциясы туралы айтып отырмыз», - деді Санчес. 

Ол Валенсиядағы су тасқынын Испания осы ғасырда басынан өткерген ең ауыр табиғи апат деп атады. 

Төтенше ауа райы ескертулері Испанияның солтүстік-шығысында және оңтүстігінде жексенбіге дейін күшінде болады. Сенбіде билік Балеар аралдарында, сондай-ақ Каталонияда қатты жаңбыр қаупі туралы ескертті.