Перуде өткен матчта футболшыларға найзағай соғып, бір адам қаза тауып, төрт спортшы жарақат алды. Төреші ауа райының қолайсыздығына байланысты ойынды тоқтатқан кезде найзағай түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sun басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 3 қараша күні "Хувентуд Беллависта" командасының "Фамилия Чоккамен" кездесуінде болған.
Төреші матчтың 22-минутында ауа райының қолайсыздығына байланысты ойынды тоқтатқан. Содан кейін ойыншылар киім ауыстыратын бөлмеге кетіп бара жатқанда, екеуіне найзағай түскен.
Шетелдік басылым мәліметінше, 39 жастағы футболшы Хосе Уго де ла Крус Меза бірінші болып жерге құлап, бірден көз жұмды. Ал 42 жастағы қақпашы Хуан Чокта Льякта денесін қатты күйік шалып, ауруханаға жеткізілді.