Русский Сайттың толық нұсқасы

Абай облысында 27 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды

Абай облысында 27 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды. Бұл туралы өңір басшысы Нұрлан Ұранхаев айтты. Нәтижесінде биыл жылу желілерінің тозуы 5 пайызға азайған. Келесі жылы бұл көрсеткішті кем дегенде тағы 2 пайызға қысқартпақ. Ал жылу энергиясының тапшылығын жабу үшін Семейде жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр. Облыс қысқа дайын ба және жергілікті билік алдағы 3 жылда тағы қандай мәселелерді шешуді көздеп отыр? Тілші материалында. 

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі – жылумен жабдықтау. Қазір 18,5 миллиард теңгеге 28 жоба жүзеге асырылуда. 17 жылу көзіндегі жұмыстар аяқталып, 27 шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды. Алайда, аймақ басшысы Семейдің оң жағалауында әлі де жылу тапшылығы барын жасырмады. Мәселенің шешімі - жаңа ЖЭО салу.

НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әкімдік жобалаушыны қатыстыра отырып, жұмыс тобын құрды. Құрылыс алаңы мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Сонымен қатар бюджеттен тыс қаржы есебінен барлық қажетті инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылым, 3-ші ЖЭО-ның сыртқы инфрақұрылымын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде.

Өңірдегі сапалы ауыз су тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалмады. Тұрғындарды тіршілік нәрімен 100% қамтамасыз ету үшін 46 жобаны іске асыру қажет. Оның 8-і аяқталды. Осылайша облыс бойынша орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 96% - ға дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек 2026 жылға дейін 7 мыңға жуық отбасы жаңа тұрғын үйдің кілтін алмақ.

НҰРЛАН ҰРАНХАЕВ, АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыста тұрғын үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар 2784 адам. Жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метр болатын 39 көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп, 2100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр. Алдағы 3 жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған.

2028 жылға дейін Абай облысында 2 триллион теңгеге 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 7 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.