Русский Сайттың толық нұсқасы

Батыс Қазақстан облысында 889 отбасы баспаналы болды

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2024
  • 240

Биыл Батыс Қазақстан облысына тұрғын үй құрылысына 29,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 49 тұрғын үй құрылысы және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 758 тұрғын үй сатып алу қарастырылған. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен 790 тұрғын үй қолданысқа беру жоспарлануда, деп хабарлайды Astana TV.

"Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 10,6 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Орал қаласы мен облыс аудандарында 25 ИКИ нысанының құрылысы қарастырылған. Оның ішінде Орал қаласының Ақжайық шағын ауданындағы өтпе жолдар құрылысы, кәріз сорғы станциясы және көтергіш сорғы станциясы құрылысы, жаңадан салынған тұрғын үйлердің алаңішілік инженерлік-коммуникациялық желілерін салу және аудандарын абаттандыру қарастырылған. Сондай-ақ Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтау үшін көтергіш сорғы станциясының құрылысы, Ақжайық және Бөрлі аудандарындағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерін инженерлік желілермен қамтамасыз ету нысандары бар", - деді Әлібек Сайынұлы.

Облыс бойынша ауыл халқының таза ауыз сумен қамтылуы 95,8%. Биыл жалпы 35 мыңнан астам тұрғыны бар 22 ауылдық елдімекенге орталықтандырылған ауыз су желісін тарту жоспарлануда. Ағымдағы жылы облысқа әлеуметтік сала нысандарының құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттерден 30,7 млрд.теңге бөлінді. Оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 2023 – 2025 жылдары 9 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарын салу көзделуде.

Батыс Қазақстан облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 889 тұрғын үй құрылысы салынса, оның ішінде 438-і аудандарда қарастырылған. Тұрғын үйлер құрылысын 60-қа жуық жергілікті мердігер жүргізді. Бүгінгі таңда барлық 889 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға кілттері табысталды.