Қазақстандықтар енді дәрігердің қателігі үшін төлем алады. Елімізде жаңа заң күшіне енді. Бұдан былай медициналық ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға және 14 сақтандыру ұйымын қамтитын Бірыңғай сақтандыру пулымен шарт жасасуға міндетті.
Денсаулығына дәрігер тарапынан нұқсан келген адамның сотқа жүгінгеннен басқа амал жоқ. «Шықпа жаным, шықпа» деп жүрген жан үшін бұл қиын, әрі ұзақ процесс. Осы олқылықты жою мақсатында жыл басында Мәжіліс депутаттары "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның нормаларын қолдаған болатын.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Медициналық ұйымның деңгейінде егер сол азаматтың денсаулығына нұқсан келтірілсе, ол сол жерде өтініш беріп, сол жерде өтініш бойынша құрылған комиссияның шешімі шығып, ол комиссияның шешімі сақтандыру компаниясына жіберіліп, сол уақытта сақтандыру компаниясы азаматтың, науқастың шотына ақшасын аударады.
Жаңа норма 23 қазанда бекітілген. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Серікболсын Темірхановтың айтуынша, бұл -шетелдің озық тәжірибесі. Жаңа құжат дәрігерлерді қолдауға арналған. Дегенмен жауапкершіліктен арылтпайды.
СЕРІКБОЛСЫН ТЕМІРХАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЗАҢ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Егерде дәрігер қасақана, салғырттық көрсетіп, зиян келтірсе, яғни ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Барлық сақтандыруға берілетін қаражат мемлекет тарапынан беріледі. Оны ескеру керек, бірінші кезекте. Екінші кезекте, дәрігерлердің қалтасынан ақша төленбейді.
Тұрғындардың бір тарапы «дәрігер қателесуге болмайды, ақшаға денсаулық сатып ала алмайсыз» десе, келесілері «қателеспейтін адам жоқ» деп ақ халаттыларды ақтап алуға тырысуда.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Дәрігер болған соң барлығын білу керек ғой. Текке оқыған жоқ ғой 6-7 жыл. Бәрін білу керек деп ойлаймын. Опытныйлардың қателескені болмайды деп ойлаймын.
- Өз қалтасынан төлеу мүмкін емес сияқты. Қателеседі енді, ондай болып тұрады деп ойлаймын.
- Әрине адам өмірі қымбат ғой ақшадан да. Дұрыс дәрігерлерді қою керек менің ойымша. Ақша бәрібір дұрыс жасалмаған операцияны өзгертпейді ғой.
Дәрігердің қателігі науқастың денсаулығына қаншалықты зиян екенін тәуелсіз комиссия шешеді. Зардап шеккен адамға сақтандыру төлемдері беріледі.
Сақтандыру төлемдерінің ең аз сомалары заңмен белгіленген. Пациентке үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда 500, 600, 800 АЕК көлемінде өтемақы төленеді. Өлімге әкелсе, 3 000 АЕК сақтандыру төлемі қарастырылған.
Дәрігердің олқылығынан жапа шеккен науқас немесе оның туысы мен заңды өкілі комиссия қорытындысымен келіспесе, министрлікке, медициналық бақылау комитетіне және сотқа шағымдана алады.