Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ та мерейтойлы 60 Президент сайлауы басталды

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2024
  • 263

АҚШ-та Президент сайлауы басталды. Уақыт ерекшелігіне байланысты бірер сағаттан соң бірнеше штатта соңғы сайлау учаскелері ашылады. Айта кетейік, бүкіл әлем көз тігетін саяси бәсеке осымен 60 рет өткізілуде. Онда америкалықтар өздерінің 47-ші мемлекет басшысын сайламақ. 

Президент болсам болды, барлық мигрантты түбірімен жоямын. Осылай деген экс-Президент әрі қазіргі үміткер Дональд Трамп Солтүстік Каролина мен Пенсильваниядағы үгіт-насихат науқанын аяқтады. Тағы бір айта кетерлігі АҚШ-тың 45-і Президенті жеңіске жетсе, 47-і болып та тарихта қалмақ. Өз науқанында Трамп, әдеттегідей, өзінің саяси қарсыластарын, атап айтсақ, қазіргі президент Джо Байден мен үміткер Камала Харристы балағаттаумен болды. Сонымен қатар, сайлау бағдарламасының басты тақырыбы – мигранттар туралы да есте қаларлықтай пікір білдірді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАРТИЯ АТЫНАН АҚШ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:

2024 жылдың 5 қарашасы Америкада Азаттық күні болады. Ал бірінші күні мен Америка тарихындағы қылмыскерлерді депортациялаудың ең үлкен бағдарламасын іске қосамын. Біз оларды тырқырата қуамыз. Себебі, бұл – біздің басты міндетіміз.

Америка Құрама Штаттары тарихында екінші әйел үміткер, тұңғыш нәзік жанды Президент болуы мүмкін. Қазіргі вице-президент көп жылдан бері келе жатқан дауды біржақты қыламын деп өзінің сайлау бағдарламасын бастады. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін АҚШ Жоғарғы Соты жасанды түсікті заңсыз деп танып, тыйым салған еді. Осылайша, Харрис бүкіл елдің әйелдерінің қолдауына сүйеніп отыр, - дейді сарапшылар. Одан бөлек, бірнеше экономикалық бағдарлама да ұсынды.

КАМАЛЛА ХАРРИС, ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯ АТЫНАН АҚШ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ ҮМІТКЕР:

Біздің науқанымыз американдықтардың мүмкіндіктері, үміттері мен ұмтылыстары және армандарын жүзеге асырады. Біз оптимистпіз және бірге тау қопара алатынымызға сенімдіміз. Америкада көшбасшылықтың жаңа буынының уақыты келгенін білеміз. Мен Америка Құрама Штаттарының келесі президенті ретінде бұл басшылықты ұсынуға дайынмын.

АҚШ тағы Президент сайлауында әр құрлық пен әр мемлекет өз елдеріне деген Ақ үй саясаты қаншалықты өзгеретініне уайымдап, тақымын қысып отыр. Саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтің айтуынша, Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты саясат сол қалпы қалады.

АМАН МӘМБЕТАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Қазіргі Президенттікке үміткерлер өздерінің саяси бағдарламаларын таныстыруға емес, қарсыластарын жамандап, қаралау арқылы негативті эмоционалдық фон жасауға тырысады. Эмоционалдық ойын жүргізу арқылы электораттың қорқыныштарын оятуға басымдық беруде. Соңғы саяси жанжалдар да сонымен байланысты.

Дауыс беру науқаны бір тәуліктен ұзақ жүргізіледі. Ал дауыс санау бір күнмен шектелмеуі ықтимал.