Русский Сайттың толық нұсқасы

1 шілдеден бастап жұмыс берушілер медициналық сақтандыру қорына әр жұмысшы жалақысының 1 пайызын төлей бастайды

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2017
  • 2597

Міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысы мекенжайға тіркеу үрдісі сияқты халықты қарбаласқа түсірмесін. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министріне осындай тапсырма берді. Төменгі палата бүгін медициналық сақтандыру жарналарының көлемі мен мерзімін нақтылаған тиісті заң жобасын мақұлдады.

Сонымен, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер медициналық сақтандыру қорына әр жұмысшы жалақысының 1 пайызын төлейді. Яғни жалақыңыз екі жүз мың теңге болса, жұмыс беруші қорға өз қалтасынан екі мың теңге төлейді. Жеке кәсіпкерлер де бірінші шілдеден бастап қорға ең төменгі 2 жалақы мөлшерінің 5 пайызын төлейді. Ең төменгі жалақы қазір 24 459 теңге. Ал жұмыскерлер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысынан 1 пайызын, 2020 жылдан 2 пайызын жарна ретінде медициналық қорға төлейді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, яғни ресми табысы жоқтар 1 қаңтардан бастап 1 есептік мөлшердегі төменгі жалақының 5 пайызын төлейді. Ол айына шамамен 1400 теңге. Немесе жылына 16 мың теңге. Ал негізі жұмыс істеуші топ 1 қаңтардан бастап сақтандырылады. Оларға жұмыс берушілер төлейді жарнаны. Жұмысшылардың өздері жалақыларының 1 пайызын 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап төлейді.

Тағы бір айта кетерлігі, егер сіз бір емес, бірнеше жерде жұмыс істеп жүрсеңіз, міндетті медициналық жарнаны әр жұмыс орныңыздағы табысыңыздан төлеуге міндеттелесіз. Сонымен қатар үкімет әлеуметтік санаттағыларға жарнаны өзі төлейді. Олар - балалар, зейнеткерлер, әскерилер, бала күтімінде отырған аналар, студенттер, барлығы 14 топ. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ