Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өз жағдайымды өзім жасап жатырмын»: үш рет суррогат ана болған әйел өмірінен сыр шертті

«Жатырымды жалға беремін!». Елімізде суррогат аналардың саудасы қызып тұр. Жанын бағып, қаржылық мәселесін шешу мақсатында ештеңеден тайынбайды. Қомақты қаржыны көздеген әйелдер шетел асып, өзге мемлекеттің тұрғындарына бала туып беруге әзір. Құрсақ аналардың табысы қанша? Қазақстанда суррогат аналардың көмегіне кімдер жүгіне алады? Мөлдір Жақан тарқатады. 

Жүзін жасыруды өтінген 33 жастағы Мадина есімді қала тұрғыны биыл төртінші рет суррогат ана атанғалы отыр. Алғаш рет бұл қадамға 2020 жылы барған. Жетіскеннен емес, әрине. Жоғары білім алмаған соң, тұрақты жұмысы да болмаған. Жасөспірім қызын жалғыз өзі асырап келе жатқан Мадина жан бағып, күн көрудің амалы ретінде суррогат ана болуға бел буады. Ерекше қызметі үшін кемінде 3,5 млн теңге сыйақы алыпты. Қазір бұл соманы 10 млн теңгеден асырмақ.

МАДИНА, СУРРОГАТ АНА:

Машина алдым, қазір депозитке ақша құйып қойдым. Қарыздарымды жаптым. Өз жағдайымды өзім жасап жатырмын. Бір уайым болды ертең бұл балаға бауыр басып қалмаймын ба, жүрегім ауырып қалмай ма деп. Бірақ адам өзін-өзі сендірсе, бұл сенікі емес деп, уже сондайға үйренеді. Біреуге қуаныш сыйлаған наоборот жақсы деп ойлаймын.

Заңға сәйкес елімізде суррогат аналарға қойылатын бірқатар талап бар. Әйелдердің жасы 20-35 аралығында болуы тиіс. Өзінің табиғи жолмен босанған дені сау баласы бар, сондай-ақ физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы канағаттанарлық жағдайда болғаны жөн. Биологиялық ананың жұмыртқа жасушасы ЭКҰ процедурасы арқылы күйеуінің генетикалық материалдарымен ұрықтандырылады. Ал эмбрион дайын болғанда оны құрсақ ананың жатырына салады. Құрсақ ананың баламен генетикалық байланысы мүлдем болмайды.

ӘСЕМ АКЕТАЕВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ, РЕПРОДУКТОЛОГ:

5 күндік эмбрионды әрі қарай хромосомды генетикалық асқынуларға немесе ауруларға тексеруге болады. Біз енді жақсы эмбрионды салуға тырысамыз. Сондықтан алдын ала оны тексеріп алған дұрыс. Өйткені 80 пайыз эмбрионның табиғатына, физиологиясына байланысты болады жүктілік бола алмауы.

Елімізде суррогат ана қызметіне жүгіну – еріккеннің ермегі емес. Денсаулық жағдайына байланысты шын мұқтаждарға ғана рұқсат беріледі. Дегенмен, олардың жасына шектеу жоқ. Заңгер, суррогат аналар орталығының құрылтайшысы Дамира Шоқан мұны құп көрмейді.

ДАМИРА ШОҚАН, «БОЛАШАҚ» СУРРОГАТ АНАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Бұл заңдағы кемшілік деп ойлаймын. Өз басым орталыққа егде жастағы ерлі-зайыптылар келсе, олармен келісімшарт жасаспаймын. Суррогат аналардың қызметіне жүгінгендер 56 жастан аспау тиіс деп санаймын. Дүниеге келген бала ата-анасымен бірге барынша ұзақ өмір сүріп, дүниеге келгені үшін өкінбесе екен деймін. Тағы бір мәселе – қазір көптеген суррогат аналар шетел асуда.

Иә, қазақстандық әйелдер өзге мемлекет тұрғындарына бала туып беруге әзір. Өйткені, ондағы сыйақы әлдеқайда жоғары. Тіпті, Кипр, Қытай, Еуропаның бірқатар елдерінде тыйым салынғанына қарамастан, заңсыз суррогат ана қызметін ұсынып жүргендер бар. Алайда, оларды қадағалап отырған ешкім жоқ. Елімізде, тіпті, суррогат аналарға қатысты ресми статистика жүргізілмейді.

ШӘКИЗАТ ХАЛЫҚОВА, ҚР ДСМ АНАЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл туралы статистиканың болмау себебі – біріншіден, бұл бағдарламаның барлығы жекеменшік ЭКО орталықтарында жүргізіледі және ол туралы ақпарат сол пациенттердің, суррогат аналардың заң жүзінде өздерін қорғау мақсатында құпия түрде жүргізілетін бағдарлама. Сондықтан біз оны есепке алмаймыз.

Қазақстанда 29 мың әйел бедеулік есебінде тұр. Халықтың суррогат ана ұғымына деген көзқарасы әрқалай. Дегенмен, дәл осы суррогат аналардың арқасында жылдар бойы сәбидің иісін аңсаған талай отбасы бауырына бала басты. Тек шынайы қажеттіліктен туындаған қызмет түрі кәсіп көзіне айналмаса екен.