Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі басталды

Шымкентте Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалі басталды. Енді олар мегаполисте апта бойы қойылым қояды. Шара Жұмат Шанин театрының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған. Оған қалалық әкімдік пен Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болып отыр. 

Екі жылда бір рет өтетін бұл фестивальге алыс-жақын шетелден келген қонақтардың қарасы қалың. Театрлар одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған топ алдымен Жұмат Шанин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Фестивальде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжан және Қазақстан театрлары арасынан іріктелген 9 спектакль қойылады. Ашылу салтанатында қала әкімі де мәдениет майталмандарына алғыс айтты. Ол мәдениет пен өнерді құрметтеу бәрімізге ортақ парыз деді.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:

Мәдениет пен өнер -ел өңіріндегі өте маңызды сала. Өнер- ұлттың жаны, ал мәдениет- рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады.

Фестиваль аясында елімізге белгілі театр мамандары әртістердің кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында шеберлік сабақтарын да өткізеді. Қатысушылар шығармашылық идеялары мен тәжірибелерін алмасады. Үздік туындыларды Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы анықтайды.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, КСРО ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:

Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда мәдениетсіз, әдебиетсіз ел ел емес. Ас ішіліп кетеді, киім тозады. Бірақ мәңгіге қалатын өнер.

Фестиваль жеңімпаздары 11 қараша күні анықталады. Үздік деп танылған өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар арнайы жүлдемен марапатталады.