Русский Сайттың толық нұсқасы

Тойдағы астан уланған тұрғындар мейрамхана басшылығын сотқа берді

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2024
  • 218

Осы жылдың сәуір айында Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы мейрамханалардың бірінде той тойлатқан жұрт ауруханадан бір-ақ шықты. Олардың дастарханға қойылған тағамнан уланғаны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, сол тойға 100-ден астам адам жиналған. Соның ішінде 94 адам кейін өзін нашар сезінген. Оларға астан улану диагнозы қойылды. Кейбірінен сальмонеллез анықталды.

Осы жағдайға байланысты тексеріс жүргізген санитарлық эпидемология мамандары сол уақытта мейрамхананың рұқсатқағазсыз жұмыс істегінін тіркеді. Кей қызметкерлердің медициналық кітапшалары болған жоқ. Сальмонеллезді таратушы да белгілі болды. Ол – сол тойхананың қызметкері.

"Бізге жәбірленуші тараптан 16 адам көмек сұрай келді. Сөйтіп, бастапқыда сотқа дейінгі арыз түсірдік. Алайда мейрамхана өкілдері заңмен белгіленген мерзім аралығында оған жауап берген жоқ. Сол себепті одан кейін сотқа материалдық және моральдік шығынның орнын толтыру үшін өтініш бердік. Олар екі апта аралығында стационарлық, амбулаторлық жағдайда ем қабылдады. Дәрі-дәрмектер сатып алды. Жұмысқа уақытша жарамсыз болып, еңбекақыдан қағылды", – дейді Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.

Астан уланған 16 адам жалпы сомасы 6 млн теңге көлемінде өтемақы сұрап отыр. Бірақ сот әзірше істі қарастыруда. Тиісті шешім әзірше шыққан жоқ.