ҚР халық әртісі Димаш Құдайберген Францияға барған қазақстандық делегацияның құрамында болып, "Қазақстан: Ұлы дала қазынасы" көрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, 4-5 қарашада Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барған болатын.
5 қарашада Елисей сарайында Франция президенті Эммануэль Макронның атынан мемлекеттік қабылдау өтті. Салтанатты шараға Франция Үкіметінің мүшелері, танымал саясаткерлер, іскери, ғылыми және дипломатиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ екі елдің танымал мәдениет және спорт қайраткерлері шақырылды.
Қазақстан Республикасының халық әртісі Димаш Құдайберген кеш қонағы ретінде, талғампаз көрерменнің сұрауы бойынша өзінің репертуарындағы белгілі "SOS d’un terrien en détresse" композициясын француз тілінде орындаса, қазақ тілінде қазақтың халық әні "Дайдидауды" шырқады.
Сондай-ақ композитор, ақын және әнші, Францияның экс-бірінші ханымы Карла Бруни ханым өзінің Instagram желісінде Димашқа алғысын білдіріп, қазақстандық музыканттың орындауынан алған әсерін бөлісті:
"Кешегі кеште қазақтың тамаша әншісі Димаш Құдайбергенді тыңдау бақытына ие болғаным мені шексіз бақытқа бөледі. Кейбір дауыстар бізді біздің мекендеген жер шарынан алысқа ұшырып, жұмаққа екі қадам жерге дейін жетелейді. Бар болғаныңыз үшін рақмет, Димаш! Сіздің орасан зор талантыңыз үшін, абсолютті грацияңыз үшін, ерекше дауысыңыз үшін, рақмет”, – деп жазды Францияның экс-бірінші ханымы.
Еске салайық, "Құрметті дос" деп Макрон Тоқаевқа қазақ тілінде сәлем жолдаған еді.