Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлемдегі ақбөкеннің 99 пайызы қазақ даласында жайылып жүр

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2024
  • 60

Әлем бойынша ақбөкен популяциясының 99 пайызы Қазақстан даласында өмір сүреді, болжам бойынша алдағы кезеңде жануар басы 4,1 млн-ға жетеді. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«AMANAT» партиясының орталық аппаратында биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері бойынша экологиялық кеңестің отырысы өтті.

«Ақбөкендерді пайдалану бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп келеді. 2024-2026 жылдарға арналған нысаналы қорлар бағдарламасында Бетпақдала мен Үстірттегі ақбөкен популяциясын тұрақты пайдалану жөнінде нақты жоспар көрсетілген. Мемлекеттік шаралар кешенінің арқасында ақбөкендер популяциясын сақтау мен қалпына келтіруде айтарлықтар жетістікке жеттік. 2003 жылы небәрі 21 мың ақбөкен болса, 2024 жылы олардың саны 2,8 млн-ға дейін көбейді», - деді вице-министр.

Нұркен Шәрбиев мемлекеттің ақбөкендер популяциясын сақтаудағы еңбегін халықаралық қауымдастықтың мойындағанын айрықша атап өтті.

«2022 жылғы Монреаль конференциясы (COP 15) барысында «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасы биоәртүрлілікті сақтау бойынша әлемдегі ең үздік 10 флагмандық бағдарламаның бірі деп танылды. 2023 жылғы желтоқсанда Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) ақбөкенді «жойылу алдында тұрған» санатынан «қауіп төнуге жақын» санатына ауысқанын жариялады. Бұған Қазақстанда ақбөкендер санының едәуір өскені себеп болды», - деді экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі тағы бір маңызды жоба екі жолбарыс жерсіндірілген «Іле-Балқаш» резерваты туралы айтты.

«Биыл қыркүйекте Нидерланд зообағынан екі жолбарыс жерсіндірілді. Бүгінде олардың жағдайы жақсы. Аңдар кең қоршауға алынған, нақты панасы бар. Олардың азығы ретінде резерватқа 200-ден астам бұғы жіберілді. Министрлік WWF Орталық Азия бағдарламасымен, БҰҰ Даму бағдарламасымен және резерватпен келісілген 2022-2027 жылдарға арналған жолбарысты реинтродукциялау жөніндегі жол картасын бекітті. Сондай-ақ, Ресеймен Қиыр Шығыстан 3-4 амур жолбарысын жерсіндіру бойынша келіссөздер жүріп жатыр», - деді Нұркен Шәрбиев.

Вице-министр биоәртүрлілікті сақтау және қалпына келтіру, сол сияқты қоршаған ортаны қорғау бойынша кешенді жұмыстардың жалғасып жатқанын айтады.