Қазақстанға тағы 525 млрд теңге қайтарылды. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Қайтарылған заңсыз активтер арнаулы мемлекеттік қорларға аударылған. Бұдан бөлек, қаражат есебінен Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған 120 орындық спорттық кешен, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 400 орындық жаттығу орталығы салынады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысы атап өткендей, қайтарылған барлық қаражат қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Биылғы жылдың басынан бастап комиссия қайтарылған активтер бойынша жалпы сомасы 900 млрд теңгеден астам келісімді мақұлдады. Бұл қаражатқа бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің құрылысы басталды.