Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады. Президент мәртебелі мейманды Қазақстан мен Азия даму банкінің нәтижелі қарым-қатынасының 30 жылдығымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз қаржы институтымен өзара ықпалдастықтың стратегиялық сипатын, сондай-ақ банктің ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және ұлттық қаржы жүйесін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Аталған банк Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізін салуға, сондай-ақ Ақтөбе – Қандыағаш жолын қайта жөндеуге қатысқан. Қазақстан Президенті жаңа басым бағыттар бойынша бірлескен шараларды одан әрі жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда экономиканы ырықтандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру үшін қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы декарбонизациялау өзара іс-қимылдың перспективті салаларының бірі екеніне тоқталды.